Үш ресейлік банкке қатысты 3 млрд теңге бұғатталды - Мәдина Әбілқасымова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейлік үш еншілес банкке қатысты санкциялар енгізілгеннен кейін, тиісті шектеулер күшіне енді. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстандағы ресейлік үш еншілес банкке қатысты санкция енгізілгеннен кейін, тиісті шектеулер болды. Олар шетелдегі банктің, яғни корреспондент банктердің активтерін бұғаттауға қатысты жасалды. Бұл өз кезегінде шетел валютасындағы активтерге байланысты болды», - деді М. Әбілқасымова Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол санкциялар шетелде банктердің автивтерін тікелей бұғаттау қадамдарын қарастыратын атап өтті.

«Екіншіден, шетел банктеріне осындай санкцияға іліккен банктермен операциялар жүргізуге тыйым салынған. Сонымен қатар, шетел валютасында операциялар өткізуге де шектеу бар. Атап айтқанда, ұлттық валютада, яғни теңгемен операциялар жүргізуге ешқандай шектеулер енгізілмеген», - деді агенттік басшысы.

Мұнымен қоса ол мемлекет ішінде де операциялар өткізуге шектеулер жасалмағанын айтты.

«Біздегі ақпаратқа қарағанда, үш ресейлік банк бойынша бірқатар клиенттің шоттары үш млрд теңгеге бұғатталған. Қазіргі кезде бұл адамдар санкцияға іліккендер санатында болмаса, онда осы адамдардың өздері тиісті жұмыстарды атқаруы керек. Яғни, бұл адамдарға қатысты активтер бұғаттаудан шығарылады. Тиісті талаптар қарастырылған, сондықтан олар АҚШ-тың қаржы министрлігіне қарайтын шетел активтерін қадағалау жөніндегі басқармаға жүгінуі тиіс. Осы арқылы аталған активтерді айналымға шығара алады», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Соңғы жаңалықтар