Үш партия тіркеуге құжат тапсырып жатыр – Әділет министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда үш партия тіркеуге құжат тапсырып жатыр. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш партияны тіркеуге құжат тапсырылып жатыр. Олардың арасында «Ел тірегі», «Байтақ» бар. Бірақ олардың құжаттары бірнеше рет қайтарылған. Ұйымдастыру тобының ішінде әр адамның мәліметтері көрсетілуі керек. Кей жағдайда адамдардың ЖСН-і сәйкес келмейді, ал бір жағдайларда өмірден өткен адамдар ұйымдастыру тобының тізіміне кіргізілген. Сондай-ақ басқа партиялардың мүшелері де кездесіп жатады. Бұл кісілер заң бойынша тізімнен шығарылуы керек. Осы орайда ұйымдастыру тобындағы мүшелердің саны тиісті межеге жетпей қалып жатады», - деді Қ. Мусин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, аталған заңнамалық талаптар орындалмаған жағдайда ұсынылған құжаттар қайтарылады.

«Бұл өз кезегінде ұйымдастырушылардың жұмысы мен міндеті болып саналады. Яғни олар тізімдерді егжей-тегжейлі тексеріп, кемшіліктерге жол бермеуі керек. Егер олар құжаттарын дұрыс тапсырса, міндетті түрде тіркейміз», - деді министр.

«Қазір партияны тіркеу үшін ұйымдастыру тобының саны 1000 адамды қамтуы керек. Ал партияның мүшесі 20 мың болуы тиіс», - деді ол.

Еске сала кетейік, былтыр ҚР Әділет министрлігі «Ел тірегі» бастамашыл тобының неге тіркеуден өте алмай жүргенін түсіндірген еді.


Соңғы жаңалықтар