Үш өрт сөндіруші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қайсарлығы үшін үш өрт сөндіруші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Марат Сматиллаевқа, Қуанар Баймурзинге, Ғалымжан Төлеуқасымовқа наградалар тапсырды.

Бұл өрт сөндірушілер қызметтік борышын орындау және адамдардың өмірін құтқару кезінде батылдық, жанқиярлық және батырлық танытты.

Азаматтық қорғау кіші сержанты Сматиллаев Марат Шакирұлы - Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі.

2019 жылғы 7 маусымда сағат 05.44-те «101» нөміріне Алматы қаласы Бостандық ауданына пәтердің жанғаны туралы хабар түсті.

Бірінші өрт сөндіру бөлімдері шақыру орнына келген кезде тұрғын үйдегі пәтер жанып жатты, эвакуацияның негізгі жолдарын қалың түтін басқан, өрттің және түтіннің үйдің жоғары қабаттарына және жапсарлас үй-жайларға таралу қаупі туындады.

Жанған пәтерге кіреберісте М.Ш. Сматиллаев екі баласымен әйелді тапты. Жағдайды бағалай отырып, ол өзінің тыныс алу маскасын алып, қызға кигізіп, оны пәтерден алып шығып, одан кейін баланы, одан кейін әйелді үйден эвакуациялады.

Оның сауатты және шебер әрекеттерінің арқасында 3 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды.

Азаматтық қорғау старшинасы Баймурзин Қуанар Қадырбайұлы – Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі.

2019 жылғы 15 ақпанда сағат 15.59-да Есет Көтібарұлы көшесіндегі №119 үйге қарама-қарсы бетте қызмет атқарудан бос уақытта жеке автокөлікпен келе жатып, Қ.Қ. Баймурзин жеке үйдің орталық кіреберісінен шыққан қалың түтінді көріп, «101» желісіне дереу хабарлады. Үйдің терезесіне жүгіріп, ол өз бетімен шығуға тырысты, бірақ кіреберістің өртенуіне байланысты мүмкін болмады.

Қатты түтінге және арнайы киім-кешектің жоқтығына қарамастан, Қ.Қ. Баймурзин терезені қолмен ұрып сындырып, үйге кіріп, батареяда ілулі тұрған орамалды алып, әйел адамды орамалмен орап, оны түтін басқан үйден терезе арқылы шығарды. Одан соң алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әйелдің жағдайы қанағаттанарлық екеніне көз жеткізіп, қауіп-қатерді болдырмау мақсатында газ және электр беруді жедел түрде сөндірді. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келген бойда Қ.Қ. Баймурзин жағдай туралы айтып, әріптестеріне көмек көрсету үшін оқиға орнында қалды.

Зардап шеккен 1955 жылы туған азаматша дәрігерлік көмек көрсету үшін медициналық қызметке тапсырылды. Азаматтық қорғау старшинасы Төлеуқасымов Ғалымжан Серікұлы - Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 39 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі.

2019 жылғы 13 мамырда Семей қаласында тұрғын үйлерде шыққан өрт туралы хабар түсті. Өрт орнына келген соң, жалпы ауданы 250 шаршы метр 4 тұрғын үйдің ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды, бұл өрттің көрші үйлерге таралу қаупі болды.

Өрт үйлердің ағаш конструкциялары бойымен таралды, қабырғалардың қаптамасы, шатыры, терезе блоктары мен шаруашылық құрылыстары жанды.

Өрт сөндіру бөлімше командирі Ғ.С. Төлеуқасымов оқиға орнына бірінші келіп, жағдайды дұрыс бағалай отырып, № 3 шақыруды жариялады және ГТҚҚ 2 буынын құрды.

Барлау барысында үйде жанып жатқан үйдің иелері, сондай-ақ екі газ баллоны табылды.

Семей қ. жасағы жеке құрамының, оның ішінде Ғ.С. Төлеуқасымовтың батыл және батыр іс-әрекеттерінің арқасында жедел жәрдем келгенге дейін зардап шеккендер эвакуацияланды, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін медицина қызметкерлеріне тапсырылды. 10 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылып, эвакуацияланды.

Сонымен қатар, газ баллонының жарылысына жол берілген жоқ, бұл қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін еді.

Ғ.С. Төлеуқасымовтың басшылығымен жеке құрамның сауатты және шебер іс-әрекеттерінің арқасында адам шығынына жол берілген жоқ.

Соңғы жаңалықтар