Үш өңірде Ұлттық статистика бюросының департаменттеріне басшылар тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аумақтық департаменттеріне жаңа басшылар тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық статистика бюросынан мәлім еткендей, ведомство басшысы Жандос Шаймарданов екі облыстың басшысын жеке барып таныстырды. Абай облысында басшылыққа Берік Терлікбаев тағайындалса, ШҚО-да Ерназ Нұрланов қызметке отырды. Жетісу облысының аймақтық басшысын әріптестер алдында Бюро басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев таныстырды. Аумақтық департаментті Марат Букенов басқаратын болды.

Берік Серікқанұлы Терлікбаев 2021 жылғы шілдеден бастап, бүгінгі тағайындауға дейін ШҚО бойынша өңірлік департаментті басқарып келді.

Мемлекеттік қызметте 21 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, салық және аудит салаларында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Статистика саласында еңбек жолын 2003 жылы бастаған, Аягөз ауданының статистика секторының бастығы болып еңбек етті. 2012 жылдан бастап ШҚО бойынша өңірлік департамент басшысының орынбасары болды.

Нұрланов Ерназ Нұрланұлы ШҚО бойынша департамент басшысы болып тағайындалғанға дейін осы ведомствода басшы орынбасары қызметін атқарды.

10 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Еңбек жолын ақпараттық және техникалық қамтамасыз ету секторының маманы ретінде бастаған. Өскемен қаласы бойынша статистика басқармасында жұмыс істеді. Әр жылдары ШҚО-ның Бесқарағай, Тарбағатай аудандарының статистика басқармасын басқарды.

Марат Буранбекович Букенов 2013 жылдан бастап, бүгінгі тағайындауға дейін Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 28 жылдан астам. Еңбек жолын кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы болып бастады. Статистика саласында 1999 жылдан бастап жұмыс істейді. Еңбекшіқазақ аудандық статистика бөлімінің басшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.


Соңғы жаңалықтар