Үш мыңға жуық адам Естай Беркімбаевтың 150 жылдық мерейтойына жиналды

None
None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласының Қаражар ауылы маңындағы Әулиекөл жағасында дарынды дала бұлбұлы, қазақ музыка өнерінің шоқ жұлдызы Естай Беркімбаевтың 150 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Мерейтой аясында ұлттық саз-аспаптарында ойнайтын музыканттардың республикалық фестивалі, зиялы қауымның шығармашылық диалог алаңы, жергілікті және отандық өнерпаздардың концерті, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Шараға арнайы 30 киіз үй бой көтерді. Мерейтойға барлығы үш мыңға жуық адам қатысты.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Естай Беркімбаевтың ән әлемінде шоқтығы биік тұлға екенін атап өтті.

«Естай Беркімбайұлы ел тарихында ерекше орын алған, әндері алты ауызға тараған талантты дарын иесі. Бүгінгі күні махаббаттың символына айналған «Құсни Қорлан» әнін білмейтін адам кемде-кем. Еліне өшпес өнер, асыл мұра қалдырған Естай ақынның орны қазақ халқы үшін қашан да ерекше деп білемін. Естайдың ән жырын кейінгі ұрпаққа жеткізу - перзенттік борышымыз. Естай бабамызды зерттеп, іздейтін ұрпағы барда, қазақ халқы барда - оның мұрасы өшпек емес», -деді аймақ басшысы.


Мерейтой иесінің құрметіне ұйымдастырылған диалог алаңында Болат Бақауов Лос Анджелесте өткен халықарылық байқауда жеңіске жеткен «Бастау» домбырашылар тобын құттықтап, облыс атынан шежіре сыйлады.

«Бастау» тобында өнер көрсететін Темірлан Олжабай - Естай Беркімбайұлының жиені. Аталмыш шарада ұйымдастырылған ұлттық саз-аспаптарында ойнайтын өнерпаздардың фестивалі елді ерекше күйге бөледі. Онда Қарағанды, Петропавл, Астана, Орал қалаларынан келген әншілер мен «Қорқыт» республикалық этно-фольклорлық ансамбілі өнер көрсетті.

Айта кетейік, мерейтой аясында өткен зиялы қауымның диалог алаңында Екібастұз қаласындағы М.Глинка атындағы балалар музыка мектебіне Естай Беркімбаевтың есімін беру ұсынылды. Бұл бастаманы белгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек көтерді. 

Соңғы жаңалықтар