Үш күнде мас күйде көлік басқарған 30-ға жуық елордалық ұсталды - полиция

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 31 мамыр мен 2 маусым аралығында елорда аумағында «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел алдын алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жедел профилактикалық іс-шара барысында Астана қаласында 28 жүргізуші ұсталып, медициналық куәландырудан өту үшін олар наркология орталығына жеткізілді. Оның ішінде 23 жүргізушінің мас екені расталды. Ал үш адам куәландырудан өтуден бас тартып, оларға хаттама рәсімделді. Жедел алдын алу іс-шарасына Астана қалалық Полиция департаменті патрульдік полиция бөлімшесінің 25 және 6 мотовзвод экипажы жұмылдырылды», - деп мәлім етті қалалық департаменттің баспасөз қызметінен.

Бұдан басқа, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 7 мотоцикл жүргізушісі анықталып, жол жүру ережесін сақтамай, мопед басқарған 2 азамат ұсталған. Жалпы, осы аралықта түрлі заң талабына қайшы әрекеттері үшін 40 көлік айып тұрағына қойылды.


Соңғы жаңалықтар