Үш күнде автобус тізгіндеген 11 мас жүргізуші ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада Қазақстан аумағында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Іс-шараның мақсаты – жолаушылар көлігінің қатысуымен орыналатын жол апатын азайту, сонымен қатар жүргізушілердің жолаушы тасымалдау ережесін сақтауына бақылауды күшейту. Полиция көліктік бақылау қызметкерлерімен бірге жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік кәсіпорындары мен кәсіпкерлерді тексерді. Автобустардың техникалық жай-күйі мен жүргізушілердің жол ережесін сақтауға ерекше назар аударылды», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, шара өткізілген 3 күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 9 050 жол жүрісі ережесінің бұзылуы анықталды.

Оның ішінде автобусты мас күйде басқарудың - 11, жолдың қарсы бетіне шығып кетудің - 14, маневр жасау ережесін бұзудың 1 606 фактісі анықталды.

258 жүргізуші жылдамдықты белгіленген шектен асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар автобусты заңсыз қайта жабдықтаудың - 262, рейске шығар алдында тексеруден өтпеудің - 146, техникалық тексеруден өтпеудің - 747, автобус жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесудің 1 610 фактісі әшкереленді.

«Жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 120 фактісі анықталды. Автобус парктерінің 158 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз 52 көлік тұрағы жабылды», - деді Серік Түсіпов.


Соңғы жаңалықтар