Үш күн бойы жұмысқа емес, алаңға бардым – желтоқсаншы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тұрғыны Гүлжахан Сегізбай 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы күні алаңға шығып, үш күн бойы жұмысқа бармаған. Осы ісі үшін тергеуге алынып, сөгіс те алды. Бірақ жұмыс орнын сақтап қалды. Бүгінде Гүлжахан Сегізбай сол күндері бастан кешкенін оқушыларға айтып, естелігін бөлісіп жүр. Ол ақталу үшін прокуратураға арыз да жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлжахан Сегізбай 1985 жылы Алматыға арман қуып барды. Оқуға түсу үшін құжат тапсырғанымен, сәті түспеді.

Алға қойған мақсатына ол бірден ауылға оралмай, Киров атындағы машина жасау зауытына жұмысқа орналасты.

Қоймада еңбек еткен Гүлжахан Сегізбай тауарды қабылдап алған кезде мөр басып, еңбекке араласты.

«Желтоқсанның 16, әлде 17-і күні әріптестеріміздің бірі ұлды болып, шілдеханаға бардық. Жанымызда Омбы, Шымкенттен қазақ қыздары болды. Ақтөбеден екеу едік. Жұмысшылар жатақханасына келген кезде Д.Қонаевтің орнына Колбин келген соң қарсылық білдіріп жатқаны туралы айтылып жатты. Өзгелерге еріп, біз де алаңға бардық. Түнде қайта келіп, таңертең жұмысқа жиналдық. Бірақ біз ортақ шешімге келіп, зауытқа бармай, қайта алаңда бас қостық. Үш күн қатарынан алаңда жүрдік. Қазір сол жылдардағы бейнематариалдар архивін көрсетеді. Дәл сондай жағдай болды. Ол кезде жасым 22-де еді. Ештеңеден қорықпадық, бір нәрсенің болатынын білдік. Ұрып-соқты. Албырт кезде жанымызға да батпады. Үш күнде автобус тоқтап қалды. Көшеде жұмысшы мен студенттер «Менің Қазақстан» әнін шырқады», - деді Гүлжахан Сегізбай.

Ол үш күннен соң жұмысқа барды. Оны сол кезде тергеушілер күтіп алып, сұрақтың астына алды. Кімнің шақыруымен барғанын, неге барғанын білмек болды.

«Зауыттан шығармақ болды. Тергеу арнайы орындарда жүрді. Фотоға да түсірді. Сандалып ұзақ жүргенімізбен біз орнымызда қалдық. Партиядан шығарды, қатаң сөгіс берді. Оқуға түсе алмайтын, өзге жұмыс орнына ауыспайтын, қызметте өсе алмайтындай етіп, арыз жаздырып алды. 4-5 жылдан соң тұрмысқа шығып, Ақтөбеге қайта оралдым. Содан бері жұмыс істемедім. Балаларымды бақтым, тәрбиеледім. Алғаш жылдары Желтоқсан оқиғасы туралы айта алмадық. Тек соңғы жылдары ғана мұғалімдер біліп, мектепке кездесуге шақыра бастады. Қазір сол жылдар туралы естілігіммен бөлісіп жүрмін. Алаңда қазақ қыздарына тиіскенде жігіттер ажыратып алатын еді. Өр намысты жігіттер қорған болды», - деді Гүлжахан Сегізбай.

Желтоқсаншыларды ақтау туралы естігеніне көп болмады. Кейін бірден әлеуметтік желі, ғаламтордағы тарих бейнематариалды көріп, өзін іздеді.

«Қатыстым деп айту бөлек, дәлелдеме бөлек. Алаңда тұрған сәттерім есіме түсіп, алдыңға қатардан өзімді іздедім. Бір күн уақытым кетті. Табылды, сол сәт бар екен. Жанымда құрбым тұр. Өзім ақ шарқат таққан өзім. Сөйтіп прокуратураға арыз жаздым. Өзімді ақтауды сұрадым», - деді ол.

Кейін облыстық прокуратурадан хат келді.

Онда облыс прокурорының орынбасары Ғ.Тілеубаев мұрағаттағы мәліметтерге сүйеніп, саяси қуғын-сүргін қолданылғаны туралы жеткілікті мәліметтер табылмағанын айтты.

Сондай-ақ сотқа жүгінуге болатыны туралы жазылған.


Соңғы жаңалықтар