Үш елдің жастары Ақтөбедегі киелі жерлерді аралайды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Хан Қорық» жастар фестивалі басталды. Қазақстан, Өзбекстан, Ресейдің жастары бірнеше киелі жерді аралайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысы әкімдігінің және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қолдауымен «Хан Қорық» жастар фестивалін ұйымдастырды. Жастарға тарихи, мәдени ескерткіштерді таныстырып, табиғи қорықтар туралы жан-жақты ақпарат беруге бағытталған фестиваль елімізде төртінші рет өткізіліп отыр. Биылғы шара Астананың 20 жылдығына арналды. Фестивальге Қазақстанның, Ресей, Өзбекстанның жоғары оқу орындарындағы 120 студент қатысып жатыр.

«Жастар Қобда, Ойыл және Алға аудандарын аралайды. Мәселен, Қобда ауданында Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың ескерткішіне гүл қойып, патриоттық орталыққа барады. «Әлия» музейімен танысып, батыр қыздың туған жері Бұлақ ауылын көреді. Сонымен қатар, Абат-Байтақ кесенесіне, Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне, археологиялық ескерткіштерге экскурсия жүргізілмек. Ойыл ауданында Көкжар жәрмеңкесін қарап, Барқын ыстық құмымен жүреді. Кейін атақты тары өсіруші Ш.Берсиев атындағы музейді аралап, Алға ауданында Есет батыр мемориалдық кешенімен танысады. Сонымен қатар, QazaqGeography мүшелері Ақтобе су қоймасын аралайды», - деді QazaqGeography қоғамдық бірлестігінің өкілі Тоғжан Даутбаева.

Фестивальдің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, жастардың ісіне сәттілік тіледі. Студенттер алдағы уақытта «Климаттың өзгеруі» және «Су ресурстары» тақырыптары бойынша баяндамалар жасайды.  

Соңғы жаңалықтар