Үш баласы бар ақтөбелік отбасы шатыр астында тұрып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Сахтиндер отбасының үш баласы мектепке дайын емес. Ал өздері құрылысы жартылай аяқталған саяжайлық үйдің жанына шатыр құрып, сонда тұрып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күз келгенде отбасы тоңа бастады. Оларға берілген саяжай аумағында қазір газ, су, жарық жоқ.

«Күйеуімнің тұрақты жұмысы жоқ болған соң ол қара жұмысшыларды жалдайтын жерге барып тұрады. «Құл базарынан» тапқан ақша тек тамаққа ғана жетеді. Кейде мүлде ақша болмай қалады. Ал өзім жұмыс беру агенттігі арқылы адамдардың пәтерін жинап, тазалап беремін. Тапқаным 2-3 мың теңге. Ол ақша да жолақыға, тамаққа жұмсалады. Біздің үш баламыз бар. Үлкені – 12, ортаншысы - 9, кішкентайы 5 жаста. Бұрын Ойыл ауданында тұрған едік. Ауылдағы үйіміз суға кетіп, кейін тұру мүмкін болмаған соң және жұмыссыздықтан қалаға көшіп келгенімізге 7 жыл болды. Алғашқы бес жылда әр ауылда, шаруашылықта мал бағып жүрдік. Берген 60 мың теңгенің 40 мың теңгесіне азық-түлік алып, 20 мың теңгені киімге жұмсадық. Кейде мал өліп, жоғалса біздің жалақымыздан ұстап қалатын», - деді балалардың анасы Мира Байтуғанова.

Отағасы Нұрлыбек Сахтин төрт жыл бұрын несие алған. Қазір 150 мың теңге – 380 мың, ал Мира Байтуғанова үш жыл бұрын алған 200 мың теңге 245 мың теңге болып өсіп кеткен. Олар несиені пәтерақы төлеу үшін алған.

Әкімдік отбасыға аумағында жартылай аяқталған саяжайлық үйі бар жер берген. Бірақ баспана тұру үшін қауіпті болғандықтан, қазір жанұя шатыр астында қонуға мәжбүр.

«Қызым – 8 сыныпқа, ортаншысы 4 сыныпқа барады. Ал кішкентайым желтоқсанда 5 жасқа толатын болған соң дайындық тобына алды. Қалалық әкімдік 6 сотық жері бар саяжай берді. Мұнда бетон төбе жарылып тұр, құлап кетуі мүмкін. Қауіптеніп, далаға қонып жүрміз. Ал атаулы әлеуметтік көмек алуға тұрақты жұмыс керек. Балаларымды тастап кете алмаған соң орналаса алмай жүрмін, ал күйеуіме тұрақты жұмыс табылмай тұр», - деді М. Байтуғанова.

Дегенмен, әкімдік үйдің шатырын жабуға профлист берген. Ал отбасының тұрмысын естіген ақтөбеліктер ағаш жеткізген.

«Үйге пеш салып, от жағамыз. Себебі, бұл жерде газ жоқ. Тіпті, электр тогы тартылмаған. Ол үшін көршімнен рұқсат алып, 25 мың теңгені бөліп төлеуге келістім. Қазір күн суытты, балаларым ауыра бастады. Оларды мектепке дайындайтын жағдайым жоқ, киімдері, оқу құралдары сатып алынбады. Енді не істейтінімді өзім де білмеймін. Кешке тамақты ерте ішіп, қараңғы түскенде ұйықтап қалуға тырысамыз», - деді ол.

Ал қала әкімдігі жер учаскесі берілгенін, ал үйдің құрылысын отбасы өзі жүргізуі қажеттігін айтуда.

«Бір ай бұрын әкімнің қабылдауына келген. Үй құрылысына жер беру мәселесін қарастырып беруін сұраған. «Құрылысты өз бетінше жүргіземін, тек жер берсеңіз жетеді» деген. Жер берілді, рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Әрі қарай құрылыс жұмыстарын өз күшімен жүргізулері тиіс», - деді қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар