Үш әйелдің өлімі тіркелген Астананың перинаталды орталығы жұмысын қайта бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш әйелдің өлімінен кейін жүкті әйелдерді қабылдауды тоқтатқан Астана қалалық №1 перинаталдық орталығы 9 шілде күні толық көлемде жұмыс істей бастады. Бұл туралы Елорда Инфо елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Еске салайық, аталмыш перинаталдық орталықта шілде айының басында жаңа босанған үш келіншек көз жұмған болатын.

«Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы келесіні хабарлайды: жұмысын уақытша тоқтатқан Астана қалалық №1 перинаталдық орталығының босандыру блогы 9.07.2018 жылы сағат 20.00-ден бастап өз жұмысын штаттық режімде қайта бастайды. Бүгінгі күні орталықта жағдай тұрақты», - делінген хабарламада.

Бсқарманың ақпаратынша, биылғы шілде айының 3-і күні Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері эпидемияға қарсы бірқатар профилактикалық шаралар өткізді.

«Жұмыс істеп жатқан қызметкерлерден анализдер, бөлімшеден, құрал-жабдықтардан және жиһаздан жұғындылар алынды. Анализдердің 7.07.2018 жылғы  нәтижелері бойынша, орталықтың санитарлық-эпидемиологиялық режімді бұзуы және ауруханаішілік инфекцияға жол беруі - анықталмады», - делінген хабарламада.

Үш әйелдің өлімін анықтау бойынша комиссия жұмысын жалғастыруда.

Айта кетейік, елорда әкімдігі Астана қалалық №1 перинаталдық орталығында екі апта ішінде үш ананың көз жұмуына қатысты түсінік берген болатын. Сондай-ақ олар орталыққа жүкті әйелдерді қабылдау уақытша тоқтатылғанын мәлім етті.

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров атап өткендей, әр жағдай бойынша тәуелсіз комиссия құрылған. Сондықтан адам өлімінің себебі мен қателіктер туралы айтуға ерте.

«№1 перинаталдық орталық штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Біз қазір босану бөліміне адамдар қабылдап жатқан жоқпыз. Орталықта босандыруды уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдадық. Біз мұны толықтай тексеру жүргізіп, диагностика мен емдеудің сапасына ықпал етуі мүмкін факторларды анықтау үшін жасап отырмыз. Қалада әйелдерді босандыруға дайын үш мекеме жұмыс істеп жатыр. №1 перинаталдық орталықтың науқастары сонда ауыстырылды», - деген болатын Надыров.

 

 

Соңғы жаңалықтар