Үш айда жалпы ішкі өнім өсті - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл қаңтар-наурыз айларында жалпы ішкі өнім 3,8 пайызға өсті. Әсіресе, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен көлік саласының өсімі барынша байқалады.

«Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтижеге жетті. Сонымен қатар, Ақмола облысында және елордада құрылыс пен инвестициялар бойынша көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы бағыттағы жұмыстардың нашар деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін», - деді А.Мамин Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, кейбір өңірлерде ірі инвестициялық жобалардың аяқталуына байланысты көрсеткіштер төмендеп отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы осы саладағы жұмысты, әсіресе, құрылыс пен негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Аталған мәселелер бойынша шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдау қажет. Сондай-ақ, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеруі керек», - деп атап көрсетті А.Мамин.

Соңғы жаңалықтар