Үш айда отандық әуе компаниялары 2 млн жолаушы тасымалдады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тасымалданған жолаушылар саны былтырмен салыстырғанда 5% артты. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн жолаушыны құраған болатын. Сонымен қатар, көрсеткіштің пандемия басталған 2020 жылға дейінгі өсімі байқалады. Өсім - 17%, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азаматтық авиация комитеті мәліметіне сенсек, қаңтар-наурызда отандық әуе компаниялары ішкі желілерде 1,5 млн жолаушы (2021 – 1,7 млн жолаушы, 2020 – 1,1 млн жолаушы), халықаралық желілерде – 500 мың жолаушы (2021 – 400 мың жолаушы, 2020 – 400 мың жолаушы) тасымалдаған.

Жолаушылар ағыны Air Astana компаниясында 800 мыңға жуық жолаушыны, FlyArystan мен SCAT компанияларында 500 мыңға жуық жолаушыны құрады.

Үш айда әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны - 3,7 млн. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2% артық.

Бүгінгі күні ішкі әуе рейстерін 5 отандық әуе компаниясы аптасына 613 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша орындайды.

Халықаралық рейстер 77 бағыт бойынша 24 елге қатынайды. Жиілігі - аптасына 319 рейс.

Бұл - Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив аралдары, Таиланд, Әзірбайжан, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Үндістан, Иран елдері.


Соңғы жаңалықтар