Үш аптаның ішінде браконьерлерден 12 тонна балық тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бекіре-2019» акциясы аясында браконьерлерден үш аптаның ішінде 12 тонна балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы фейсбук парақшасында ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет жазды.

«Елдің батыс аймағында әлі де «Бекіре-2019» акциясы жүріп жатыр. Акция басталған жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 390 заңбұзушылық анықталды. Ол кемшіліктердің 277-сі - Атырау облысында, 78-і - Маңғыстау облысында, 35-і - БҚО-да тіркелді», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.

Хабарланып отырғандай, балықты заңсыз аулауға қатысы бар 295 адам жауапкершілікке тартылған. Ауыр заңбұзушылыққа жол бергені үшін 18 іс сотқа жөнелтілген.

«Акция барысында кемшілікке жол бергендерден 12 тонна 856 келі балық тәркіленді (үш аптаның ішінде). Ол балықтың 667 келісі - бекіре балығы болса, 3,2 келісі - бекіренің уылдырығы. Сонымен бірге, браконьерлерден балық аулауға арналған 175 құрал, 33 жүзу және көлік құралы тәркіленген», - делінген жазбада.

Әкімшілік істерді қарау нәтижесі бойынша браконьерлерге 3,7 млн теңге айыппұл салынып отыр. «Бекіре-2019» балық қорғау акциясы жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар