Үш аптада бекіре аулаған 350-ге тарта адам жауапқа тартылып, 15 тонна балық тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бекіре-2022» балық қорғау акциясының үш аптасында инспекторлар 15 тоннадан астам су маржанын заңсыз айналымнан алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Акцияның алғашқы үш аптасында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 514 дерегі анықталды.

Соның нәтижесінде 349 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 10 іс сот органдарына жолданды.

Браконьерлік, көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз пайдалану фактілері бойынша 29 қылмыстық іс қозғалды.

Тәртіп бұзушыларға 7,4 млн теңге айыппұл салынды.

Заңсыз айналымнан 15 тонна 246 кг балық алынды, оның ішінде 845 кг бекіре тұқымдас балық түрлері алынып тасталды.

Сондай-ақ, 275 балық аулау құралы мен 59 су көлігі анықталды.

Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті сүзу жұмыстары нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 100 км-ге жуық 1015 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 30 наурызында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, сондай-ақ олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясын бастады.


Соңғы жаңалықтар