US Open: Қазақстандық қос жасөспірім іріктеу жарысының финалына шықты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Сандуғаш Кенжебаева мен Аружан Сағындықова жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайысының 4-ракеткасы болып тіркелген С.Кенжебаева нидерландтық Мари Нейкампты тізе бүктірді.

Бірінші партияда Сандуғаш 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре білді. Сосын тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6).

Екінші сетте 5:0 есебімен алға кетіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

С.Кенжебаева іріктеу сайыстарының финалында Польша өкілі Вероника Эвалдпен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы Аружан Сағындықова жапониялық Харука Хасегавамен кездесті.


Бірінші партияда Аружан 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:3.

Супер тай-брейкте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 10:7.

А.Сағындықова іріктеу сайыстарының финалында америкалық Джульетта Пареха немесе поляк қызы Ада Пиштринсканың біреуімен шеберлік байқасады.

Қазақстандық жас теннисшілер финалда ұтса, негізгі турнирге жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Анна Данилинаның екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннисші Жібек Құламбаева Алматы турнирінің финалына жолдама алды.


Соңғы жаңалықтар