US Open: 18 жастағы теннисші чемпион атанып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теннистен АҚШ ашық чемпионатында әйелдер арасында 18 жастағы британдық Эмма Радукану чемпион атанып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Британдық спортшы «Үлкен дулыға» турнирінде жарысты іріктеу сайыстарынан бастап, жеңімпаз атанған бірінші теннисші ретінде тарихта қалатын болды.

Кәсіпқой теннистегі жолын биыл ғана бастаған, рейтингте небәрі 150-орында тұрған Э.Радукану финалда 19 жастағы канадалық Лейла Фернандесті 6:4, 6:3 есебімен ұтты.

Эмма осы жарыста бірде-бір сетте ұтылып көрген емес.

Енді ол әлемдік рейтингте 23-сатыға көтерілетін болады.

Бұл – 1999 жылғы US Open додасынан кейін 20 жастан кіші теннисшілер бақ сынаған бірінші финал. Ол жылы 17 жастағы, атақты америкалық Серена Уильямс өзінен бір жасқа үлкен швейцариялық Мартина Хингисті ұтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Украинада өткен жарыста чемпион атанғанын жазған болатынбыз.

Фото:reuters.com


Соңғы жаңалықтар