Ұрыларды өзі ұстамақ болған қария өліп қала жаздады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - 80 жастағы семейлік қарт ұрыларды ұстаймын деп ажал құша жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға мамыр айының аяғында болған. Ұшты-күйлі жоғалған 3 бас торпағын іздеп шыққан қария бір торпақты ағаш арасына байлаулы тұрған жерінен тауып алады. Ұрылардың ісі екенін түсінген ол полиция шақырудың орнына үйден мылтық әкеліп, ұрыларды тасада күткен. Бұл ойын күйеу баласына телефонмен айтпағанда оқиға қайғылы аяқталуы да мүмкін еді. Көп күттірмей ұрылар да келеді. Байлаулы торпақты екеулеп көлікке тиегелі жатқанда қария олардан тапжылмауды талап етеді. Өзінің құр қол емес екенін ұқтыру үшін әуеге бір рет оқ атады. Дәніккен ұрылар бұл ескертуге құлақ аспастан, «оңай олжаның» қамына кірісе берген. Ашу қысқан қария осы кезде ұрлардың бірін аяқтан атқан. Қылмыскерлердің бірі дереу қарттың қолындағы мылтықты алып, өзін өлімші етіп сабаған. Бұл кезде қарияның күйеу баласы полициямен бірге оқиға орнына жетіп, қос ұры қылмыс үстінде қолға түседі.

«Қазір 44 және 57 жастағы екі күдіктіге қарсы бөтеннің мүлкі мен адам ұрлауға әрекеттенгені үшін қылмыстық іс қозғалып жатыр. Азаматтарға ұрлық үстінен түскен жағдайда өздігінен әрекет етпей, полиция қызметкерлеріне жүгіну керектігін ескертеміз», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар