Ұрыдан қауіптенген кентаулық тұрғындар малдарын GPS арқылы бақылайтын болған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Кентау қалалық әкімдігінде ауыл әкімдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаттары өткізілуде. Байылдыр ауылының әкімі Ерлан Қалдыбаев БАҚ өкілдерімен кездесуде елді мекеннің бүгінгі жағдайы мен атқарылып жатқан істері жайлы айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл әкімінің сөзінше, 2 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекеннің негізгі күн көрісі — мал шаруашылығы саналады.

«Байылдыр ауылында жалпы 328 үй бар. Қазіргі таңда 30 тұрғын кәсіпкерлікпен айналысуда. Олардың 3-еуі жеке дүкендері арқылы халыққа қызмет көрсетсе, 7 кәсіпкер қалада және ауылда сауда-саттық жасайды. Қалған 20 тұрғын мал шаруашылығы және бағыттағы қоғамдық көлігі арқылы кәсіппен айналысуда», - деді Ерлан Қалдыбаев.

Ауылдың әлеуметтік жағдайын баяндаған әкім, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын да айтып өтті. Сондай-ақ, тұрғындар мал ұрлығының алдын алу мақсатында жиналыс өткізген.

«Ауылда мал ұрлана берген соң, үйірімен жүретін жылқыларға спутник арқылы бақыланатын GPS жүйесін орнату жөнінде мәселе көтердік. Осы бағытта үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары өзара бірігіп, спутник арқылы бақыланатын GPS жүйесін 5 үйірге орнатты. Қазір 132 бас жылқы осы аппарат арқылы бақыланып отыр», - деді Ерлан Қалдыбаев.

Соңғы жаңалықтар