Ұрлықтың түбі қорлық екенін жастардың санасына оқушы кезден сіңіруіміз керек - Арман Бердалин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің үлкен бағыты – білім саласымен жұмыс істеу. Еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында «Саналы ұрпақ» деп аталатын жоба іске асып жатыр. Бұл туралы AntikorLive бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жемқорлыққа қатысты шенеуніктердің басына қара бұлт үйіріп жатырмыз. Біз халықтың арасына шығып, параны кім беріп жатқаны туралы сұрауымыз керек. Халық амалсыздан пара береді, бірақ принципті түрде пара бермейтін адамдар болады. Біз соны көбірек насихаттауымыз керек. Мен мемлекеттік қызметкерлерді ақтап алайын деп отырған жоқпын. Біз республикалық штабтағы азаматтармен Қазақстанды екі рет айналып шықтық. Барлық өңірге, оның ішінде аудандарға, шалғайдағы ауылдарға да бардық. Соның ішінде жемқорлық фактілері көп анықталған мекемелерге бардық. Яғни, әріптестерінің қолына кеше ғана кісен салынған ұжымдарға барып, жанды жерлеріне тигізіп насихат айттық. Жемқорлықпен әшкереленген азаматтардың 1-2 аптадан кейін әкесі немесе анасы құсадан қайтыс болғанын да естідік. Өлімнен ұят күшті дегенді көзбен көріп отырмыз. Ескінің көбі – қариялар баласының ұры болғанына шыдамай, дүниеден өтіп кетіп жатыр. Мемлекеттік қызметкерлермен кездескенде осындай мысалдарды да айтып жатырмыз», - дейді Агенттіктің Ақпараттық-ағартушылық штабы жетекшісінің орынбасары Арман Бердалин.

Ол қазіргі толқынды тәрбиелей алмасақ та, келе жатқан толқынды тәрбиелеуге толыққанды мүмкіндігіміз бар екенін айтты.

«Бәлкім осы бағдарлама көрермендерінің үйінде болашақ әкім, әлдебір мекеменің тізгінін ұстайтын азамат өсіп келе жатқан шығар. Әр азамат ең алдымен өзін және отбасын түзейтін болса ғана нәтижеге жетеміз. Агенттіктің үлкен бағыты – білім саласымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Барлық жоғары оқу орындарында «Саналы ұрпақ» деп аталатын жобамыз іске асып жатыр. Одан бөлек барлық мектепте «Адал ұрпақ» деген клубтар жұмыс істейді. Кейбір адам балаларға жемқорлық туралы мектепте оқытудың қажеті жоқ екені туралы жалаң пікір айтты. Қазірден бастап сыныптасының қаламын өз қалтасына салған бала ертең қазынаның қаржысына да қол салудан қымсынбайды. Тамырын балтамен шапқандай қылып, ұрлықтың түбі қорлық екенін оқушы кезден санасына сіңіру керекпіз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар