Ұрлаған көлікті ауылында мініп жүрген студенттер ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында біреудің көлігін айдап әкеткен колледж студенттері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, мамыр айының басында Степногорск қаласының ПБ кезекшілік бөліміне тал түсте ВАЗ-2107 көлігінің ұрланғаны туралы хабар түскен. Көлік иесінің сөзінше, ол автомобилін үйінің ауласына қойған. Кейін арада біраз уақыт өткен соң оның үшті-күйлі жоғалғанын байқайды.

Көлік ұрланғаны туралы Ақмола облысының полиция бөлімшелеріне хабарланды. Нәтижесінде Щучинск қаласының полиция қызметкерлеріне жедел-іздестіру шаралары кезінде Гуляйполе ауылында бөтен көліктің жүргені туралы ақпарат түседі. Жүргізуші таныстарына көлікті «өзіме айдап әкелдім» деп айтқан. Кейін аталмыш автокөліктің іздеу жарияланған ВАЗ-2107 екені анықталып, жүргізуші ұсталады.

«Тексеріс барысында белгілі болғандай, көлік ұрлағандар Степногорск қаласындағы колледжде оқып жүген 2001 және 1999 жылы туған студенттер. Олар қылмыстарын толық мойындады. Күдіктілердің үстінен ҚР ҚК 200 бабының 2 бөлігі (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталмыш санкция бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Соңғы жаңалықтар