«Үркер» сыйлығына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы номинация енгізіледі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БАҚ өкілдеріне арналған мемлекеттік «Үркер» сыйлығында жаңа номинация пайда болмақ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да Алаш ардақтыларын ұлықтауда Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген іргелі істер атқарылып жатыр. Бүгін Ахаңның туған өлкесі Қостанайда үлкен той өту керек еді. Төтенше жағдай болып қалды. Қостанай халқына сабыр тілейміз», - деді Дархан Қыдырәлі елордада өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлына арналған халықаралық конференцияда.

Министрдің айтуынша, бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына арналған ғылыми туындылар жазылып, деректі фильм түсіріліп жатыр.

«Биыл өтетін «Astana Media Week» халықаралық шарасында Ахмет Байтұрсынұлына арналған тақырып ұйымдастырамыз. Сол сияқты «Үркер» шығармашылық байқауының үлкен бір аталымына Ахмет Байтұрсынұлы атауын беру жоспарланып отыр», - дейді ол.

Айта кетейік, елордада Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасына арналған «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты ғылыми-практикалық халықаралық конференция өтіп жатыр.

Сондай-ақ, аталған шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықтың тағайындалатыны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар