«Үркер-2017» ұлттық сыйлығына өтінімдерді қабылдау мерзімі ұзартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2017» ұлттық сыйлығына қатысу туралы өтінімдерін қабылдау мерзімі 2017 жылдың 7 маусымынан 10 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы байқауды ұйымдастырушы - «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Евгений Кочетовтың айтуынша, 2017 жылдың 7 мамырынан бүгінге дейін баспасөз, радио және интернет-журналистика өкілдерінен байқауға қатысу туралы 300-ден астам өтінім қабылданған. Өтінімдердің басым көпшілігі  «Үздік сұхбат», «Үздік фотосурет», «Үздік репортаж» аталымдары бойынша түсуде. Ал «Журналистикадағы дебют», «Үздік республикалық баспа басылым», «Үздік жыл журналы», «Үздік өңірлік баспа басылым», «Қазнеттегі медиасерпін» номинациялары бойынша үміткерлер саны аз болып отыр.

«Біздің кейбір журналистер байқауға өздерін-өздері ұсынуға ұялады. Мұндай жағдайда оны әріптестері немесе ұжымы ұсына алады. Тұңғыш ұлттық сыйлық болғандықтан, жеңімпаздардың есімі тарихта қалады. Сондықтан, уақытты оздырмай, ертерек өтінім берейік және талантты адамдар тасада қалып қоймау үшін, әріптестерімізге қолдау білдірейік», - деді «SERPIN» білім беру ұйымдарының ұлттық қауымдастығының төрағасы Мұрат Әбенов.

Еске сала кетсек, мамыр айының басында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерді Баспа, радио және интернет журналистика  саласындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығына қатысуға шақырған еді.

Байқауға қатысу туралы өтінімдер 7 мамыр мен 10 маусым аралығында  El.kz сайты арқылы қабылданады. Ұсынылған дүниелерді белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кәсіби журналистерден құралған қазылар алқасы сарапқа салады.

Байқау жеңімпаздары естелік мүсінше мен 1 000 000 теңгені құрайтын ақшалай сыйлыққа ие болады. 

Марапаттау рәсімі байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 28 маусым күні өтеді. 

 

 

Соңғы жаңалықтар