«Үркер-2017» сыйлығы: өңірлік журналистер белсенділік танытуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласына арналған «Үркер-2017» ұлттық сыйлығына жүзден астам өтінім келіп түсті. Онда Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының журналистері белсенділік танытуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми өкілі Альбина Атеннің мәлімдеуінше, байқауға «Үздік талдамалық материал», «Үздік сұхбат» және «Үздік репортаж» аталымдары бойынша өтінімдер көптеп түсуде. Жеңімпаздар маусым айының соңында - БАҚ қызметкерлерінің арнайы мерекесі қарсаңында анықталады және салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

«Бұл журналистердің қарым-қабілетін танытатын тамаша мүмкіндік және журналистерге арналған еліміздегі беделді сыйлықтардың бірі», - деп атап өтті А.Атен.

Мамыр айының басында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерді Баспа, радио және интернет журналистика  саласындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығына қатысуға шақырған еді. Байқауға қатысу туралы өтініштер 7 мамыр мен 7 маусым аралығында [email protected] электрондық поштасы арқылы қабылданады. Ұсынылған дүниелерді белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кәсіби журналистерден құралған қазылар алқасы сарапқа салады. Байқау жеңімпаздары естелік мүсінше мен ақшалай сыйлыққа ие болады. 

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілінің апта сайынғы брифингі өтті. Онда аптаның ең маңызды іс-шаралары туралы хабарлама берілді және орталық мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары мен ресми өкілдері журналистер сауалына жауап берді .

 

 

Соңғы жаңалықтар