Үрейге емес, үмітке қанат бітірейік – Бас мүфти үндеуі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін күндердің Сұлтаны – қаситетті Жұмада, айлардың ұлығы – Зұлхиджа айында халқымыздың амандығы мен еліміздің игілігі үшін жасап жатқан дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың құзырында осы күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ» деген. Осы күндері Ораза ұстап, садақа беріп, науқастарға дәрі жеткізіп, қараусыз қалған қарттар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға көмектесудің сауабы мол. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдардың сауабын Алла Тағала баршамызға нәсіп еткей», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бас мүфти қаситетті күндер мен айларда адам баласының риясыз жасаған құлшылығы мен дұғасы қабыл болатынын жеткізді.

«Алланың Әс-Салам – яғни амандық пен Әш-Шафи – шипа беруші көркем есімдерін ұлықтай отырып, дертке шалдыққандардың дертіне шипа сұраймыз. Қайтыс болғандар үшін Алладан рахым, пайғамбардан шапағат сұраймыз. Біз – өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңынан жақсылық күткен халықпыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатында сағымызды сындырып алмайық. Қадірлі жамағат! Біз қазір сындарлы сәтте отырмыз. Мұндайда халық даналығы «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе не қалар?» демей ме? Ардақты Пайғамбарымыз айтқандай, жақсы сөйлеп, айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес үмітке қанат бітірейік. Алдымызда күллі исі мұсылман баласы асыға күткен ұлық мейрам – Құрбан Айт келе жатыр. Айт қарсаңында баршаңызға Алланың амандығы мен жақсылығын тілеймін», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Соңғы жаңалықтар