Үрей тудыратын отандық тұңғыш фильм прокатқа шығады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Хоррор жанрындағы қазақстандық тұңғыш фильм прокатқа шығуға дайын. «Түнекте» («Во мраке») аталатын кинотуындының авторлары ҚазАқпарат тілшісіне оның түсірілім жұмыстары жөнінде айтып берді.  

Сценарий авторы және фильмнің тең продюсері Данияр Ақшабаев Қазақстан нарығында үрей тудыратын фильмдердің жоқтығын атап өтті.

«Іссапардан келе жатып, хоррор-квесттің идеясын ойластыра бастадым. Осыны түгел қиыстыруға жарты жыл уақытым кетті. Әрине, басында осындай жұмыспен айналысуға жүрексіндім. Бірақ команданың арқасында қиындықты жеңуге тура келді. Постпродакшн жұмысы да жаман емес. Одан бөлек мен өзім дыбыс режиссері болуыма тура келді. Өйткені, қазақстанда хоррор жанрында фильмдердің дыбысын жазатын кәсіби маман жоқ екен», - деді Данияр Ақшабаев.

Түсірілім тобы Голливуд фильмдерінен еш кем түспейтін кино түсіруге тырысқан. Идея туындағаннан бастап, түсірілім жұмыстарына дейін 2 жыл уақыт өткен.

«Негізінен түсірілім жұмыстарының 90% түнгі уақытта жүргізілді - кешкі 7-ден таңғы 7-ге дейін. Былтыр қыркүйекте ауа райы өте салқын болды»,- деді сценарий авторы.

Оның айтуынша, рөлге әбден енген актерлер соңында мистикалық құбылыстарды байқай бастаған.

«Түсірілім алаңында барлық адамдар үрей үстінде жүрді. Актриса Сәбина Ералина өзін ту сыртынан біреу түрткенін айтты. Сұрастыра келе оның артында ешкім тұрмағаны белгілі болды. "Қорыққанға қос көрінеді" дегендей, түсірілім алаңында шынайы қорқынышты ахуал туды»,- деді ол.

Негізгі эпизодтар Алмаарасан мен Баум бағында түсірілген. Екі айдан соң Төле би Розыбакиев көшесінен қаңырап қалған ғимарат табылған. Тіпті, Баум бағында түн ішінде айғай мен шу естілгенде адамдар полиция шақырған.

«Полиция келгенде бұтақтардың арасынан қанға боялған актер шықты. Құқық қорғаушыларға бәрін толық түсіндірдік. Олар бізге сәттілік тілеп, өз жолдарымен кетті»,- деді Данияр.

«Түнекте» фильмі ойдан шығарылған оқиғаға негізделген. Бір топ жас қаңырап қалған бос орындарға хикая іздеп барып, тұзаққа түсіп қалады.

Басты рөлдерде Данияр Бейсов, Сабина Ералина, Рысқұл Қонақбаев, Пархат Жалилов, Максим Богомолов, Назерке Әмірова, Алмас Жарасқан ойнайды. Сондай-ақ ібілістің рөлін Албан Кәрімұлы мен Дияр Мірсадықов сомдаған.

Алғашқы хоррор фильм қазақстандық прокатқа 19 сәуірде шығады. Оны кейін халықаралық кинофестивальдерге қатыстыру жоспарланған. 

Соңғы жаңалықтар