Уран жеткізу географиясы кеңейтіледі - Қазатомөнеркәсіп

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазатомөнеркәсіп уран жеткізу географиясын кеңейтпек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазатомөнеркәсіп маркетинг қызметін нығайту жолында қосымша табыс пен жеткізу географиясын кеңейту үшін белсенді қызмет атқарып келеді. Осы мақсатпен 2017 жылдың маусым айында Швейцарияда «Kazakatom AG» трейдинг компаниясы құрылды», - деді ол.

Оның айтуынша, серіктестермен қарым-қатынас та белсенді жүргізілуде. Қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге Үлбі металлургиялық зауытының базасында жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт салынып жатыр. Канадалық «Cameco» корпорациясымен «Инкай» Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпорнындағы Қазатомөнеркәсіп үлесін 40-тан 60 пайызға дейін жеткізу жөнінде келісімге қол қойылды.

«Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру бойынша бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорны дайын өнімді ыдысқа салудың роботтандырылған желісін іске қосты. Ол адами факторды болдырмастан өндірістегі кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және деректерді жинау және талдау жүйесін автоманттандыруға мүмкіндік береді», - деді компания басшысы.

Сонымен қатар ол соңғы бес жылда компания кәсіпорындарында өндірістік жарақат алу деңгейі екі есеге қысқарғанын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 9 айында қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 1,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. 2017 жылы 530 өнертабыстық ұсыныс енгізілді. Болжам бойынша олардың экономикалық тиімділігі 1,5 млрд теңгеден асады», - деді Ғалымжан Пірімбетов.

Соңғы жаңалықтар