Ұнның қымбаттауына Ресей импортының тоқтап қалғаны ықпал етті – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспорты квоталанады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ойымызша, мәселе астықтың көлемінде емес, оның бағасында болып отыр. Бұрын біздің ұн тартатын кәсіпорындар бидайды Ресейден анағұрлым төмен бағаға көп импорттайтын, ал біздің астық негізінен экспортқа кететін. Бұл баланс Ресей дәнді дақылдарды экспорттауға тыйым салғанша сақталды. Аталған шешім ұн тартушыларды шұғыл түрде ішкі нарықтан шикізат алуға көшуге мәжбүр етті және тиісінше астық бағасы өсті», - деді А. Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, қазіргі қордағы 6,4 млн тонна астықтың 3,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сақтаулы, ал олар өз өнімін қымбатырақ сатқысы келеді.

«Фермерлерге де егістік жұмыстарын жүргізуге, несиесін өтеуге қаражат қажет екенін түсіну керек. Әрине, фермерлер қолда бар қорын сатуға тырысады. Осыған байланысты, ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады. Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна», - деді АШМ өкілі.

Сондай-ақ ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін Министрлік ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бидайдың бар-жоғын түгендеу жұмыстарын бастады.

«Осылайша Үкімет ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру шараларын бастады», - деді Айдарбек Сапаров.

Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған.

Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенін хабарлады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.


Соңғы жаңалықтар