Университетке түсетін колледж түлектері 60 сұраққа ғана жауап беруі тиіс - Сағадиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың айтуынша, қазіргі ұлттық бірыңғай тестілеуде кәсіби-теxникалық білімнің барлық пәндері қарастырылмаған. Колледждер осы мәселені бұрыннан бері көтеріп келеді. Себебі оның кесірінен колледж түлектерінің көбісі жоғары оқу орындарына түсе алмай жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазірге кезде колледж түлектері жоғары оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырады. Алайда тестте көрсетілген тапсырмалардың басым бөлігін олар колледжде оқымайды. Сол себепті колледждер көптен бері бөлек емтиxанды енгізуді талап етіп келеді. Келесі жылдан бастап ондай емтиxан енгізіледі», - деді Үкіметтің бүгінгі отырысында Е.Сағадиев.

Министрдің сөзіне қарағанда, кешенді тестілеудің жаңа жүйесі бойынша колледж түлектері 60 сұраққа жауап беруі тиіс. Соның ішінде 20-сы жалпы пәндер бойынша жасалса, 40 сұрақ оның өз мамандығы бойынша болады.

«Алайда колледж түлегі басқа салаға баратын болса, ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға тура келеді. Мәселен, педагогика бойынша білім алған колледж түлегі жоғары оқу орнына өз мамандығы бойынша құжат тапсырса, тестті жаңа жүйе бойынша тапсырады. Ал басқа мамандықты таңдаса, ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді», - деп атап көрсетті Сағадиев.

Соңғы жаңалықтар