Университет түлектері әскери қызметтен өтсе, грантты өтеуден босатылады
2022 жылғы 20 мамыр 12:18

Университет түлектері әскери қызметтен өтсе, грантты өтеуден босатылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскери борышын өтеген және «Кадет» сыныбын бітірген түлектер университетке грант алу үшін 5% квота бөлінеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше Қорғаныс министрімен бірге мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру, еліміздің әскери жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелерін талқыладық. Мемлекет басшысы әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын арттыруды тапсырған болатын. Осы орайда бұл іс-шаралар Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастарды алғашқы әскери даярлықтан өткізу және офицерлер даярлау – ортақ міндет. Ал осы бағытта біздің министрлік өте маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты бірқатар ұсыныстарды қолға алдық», - деп жазды Білім министрі өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Министрдің айтуынша, мерзімді әскери қызметті өткерудің тартымдылығын арттыру үшін әскери борышын өтеген және «Кадет» сыныбын бітірген түлектерге грант алу үшін 5% квота бөлу ұсынылды. Бұл жыл сайын 3 000-нан астам грант.

«Оның үстіне университет түлектері әскери қызметтен өткен жағдайда грантты 3 жыл бойы өтеу мерзімінен босатылады. Қазір мемлекет есебінен оқығандардың барлығына оны өтеу талабы қойылатынын еске сала кетейін. Бұл оқуға түсушілерді ынталандырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттырады деп ойлаймын. Үшіншіден, біз әскери қызметте немесе бітімгершілік және басқа да арнайы операцияларға қатысып, қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізуді ұсынып отырмыз», - деді А. Аймағамбетов.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT