Университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ - Сенат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары білімнің деңгейі мен оған деген сұранысқа қатысты мәселелер де аз емес. 2021 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірі еңбек нарығында сұранысқа ие болмаған. Соған қарамастан, экономиканың бірқатар саласында техникалық мамандар мен білікті жұмысшылар жетіспей жатыр», - деді М. Әшімбаев Сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде.

Сенат төрағасы атап өткендей, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.

«Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12%-ы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, М.Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.



Соңғы жаңалықтар