Универсиаданың билеттерін алып-сатумен айналысқан 11 адам ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Универсиаданың қауіпсіздігіне жауап беретін республикалық ведомствоаралық жедел штаб жұмыс қорытындысын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған штабқа ҚР Ішкі істер вице-министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев жетекшілік етті. Қорытынды жұмысты жария еткен Тұрғымбаев Алматы және Алматы облысы полициясы Универсиада кезінде қатаң режімде жұмыс атқарғанын айтты. Спорт шаралары өткен және спортшылар орналасқан орындарда қауіпсіздік барынша күшейтілгенін жеткізген вице-министр жалпы, қауіпсіздік шарасына полиция, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі қызметкерлерінен 7 мың 800 адам қызмет еткенін еске салды. Сонымен қатар, бұл шараға ІІМ Алматы академиясының 500 дәріскері мен 2 123 жеке күзет қызметінің күзетшілері де тартылған.

ІІМ мәліметіне сүйенсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаңтар айында қылмыстық құқық бұзу 13,3 пайызға, қоғамдық орындарда 7,5 пайызға, көшедегі тәртіп бұзу 33,5, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 48 пайызға азайған. Ұрлық 5,6 пайызға төмендеген. Тәртіп бұзу 14,3 пайызға, алаяқтық 49,6 пайызға төмендеген. Қалада жалпы, қылмыс үрдісі 10,8 пайызға азайған.

«Универсиада барысында 1 қылмыстық іс, 13 әкімшілік құқық бұзу, 11 жеке заттарын жоғалту фактісі тіркелді. Сонымен қатар, 11 адам билеттерді алып-сатумен айналысқаны үшін ұсталды. 2 адам белгіленбеген орында сауда жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, спорт нысанында орналасқан дүкеннен күрте ұрлағаны үшін 1 адам ұсталды. Универсиада кезінде билеттерді алып-сату әрекеттері орын алмасы үшін ІІД тарапынан арнайы топ құрылып, алыпсатарлардан 500 билет тәркіленді», - деді Тұрғымбаев.

«Бүгінгі таңда барлық сайыстар аяқталды. Универсиада қатысушылары қайтып жатыр. Алматы халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалында кетіп жатқан шетелдік азаматтарды тіркеу жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жалпы, студенттік ойындар кезіндегі қауіпсіздікпен қамтамасыз ету туралы ІІМ және арнайы қызмет, өзге де құқық қорғау органдары тарапынан ұсынылған тұжырымдама тиімді жүзеге асырылды. Осы күндері БАҚ-тан қауіпсіздік шаралары туралы 176 ақпарат жарық көрді», - деді республикалық ведомсвтоаралық жедел штаб жұмысын қорытындылыған Тұрғымбаев.

Соңғы жаңалықтар