Универсиадаға салынған қаржы қайтуы керек - ҚР Президенті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Универсиадаға салынған қаржыдан қайтарым болуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін Алматыда өтіп жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық пен қаланың дамуы мәселелеріне қатысты кеңес барысында айтты.

Мемлекет басшысы Универсиада нысандарының барлығы белгіленген мерзімінде аяқталарына сенім білдірді.

«Бүгін біз Универсиаданың бірегей нысандарын аралап көрдік. Нысандар тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы десек болады», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Алматыдағы түрлі салаларды дамытуға 2 трлн теңге бөлінетінін айтты.

«Алматыда да қаржы тиімді игерілуі тиіс. Қазір сол Универсиада ойындарынан қайтарым болуын қарастыру керек. Сайыстың трансляциясы, туристерді күтіп алу - барлығы табыс әкелуі керек. Бұл нысандардың одан кейін де бос тұрмай халық игілігіне қызмет етуін ойластыру жөн. Мемлекет кейін ақша төлеп отырмайтындай. Жаңа мұз айдыны, бассейн, барлық инфрақұрылым адам игілігіне қызмет еткені абзал», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы қала әкімі Бауыржан Байбекке дамуы мешеулеп қалған аудандарды көркейтуге күш салуды тапсырды.

«Онсыз да көркейген аудандарды дамыта бермеңдер. Бар қаржыны орта класстағы адамдардың өмірін жақсартуға жұмсаңдар», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар