+7 (701) 759 90 19
USD 386.19 EUR 427.71
RUB 6.07 CNY 54.87
Jańalyqtar

Универсиада кезіндегі 10 айтулы оқиға

2017 жылғы 8 ақпан 21:08
Бөлісіңіз:
Универсиада кезіндегі 10 айтулы оқиға

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен Универсиаданың есте қаларлық оқиғалары «ҚазАқпарат» тілшілерінің бақылауында болды. Соның бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз.

1. Универсиаданың ашылуы.

1

28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиаданың ашылуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Салтанатты шара қазақстандық көрермен ғана емес, шетелдік қонақтардың да назарына шықты. Ашылуында көрсетілген қойылымдар мен салт-дәстүріміздің кеңінен таныстырылуы ерекше оқиға ретінде есте қалары сөзсіз.

Қазіргі уақытта танымал бола бастаған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы өнер сүйер қауымды ынтықтыра түсті. Қытай, Ресей, АҚШ, Қазақстан спортшыларының көптігі де Универсиаданың көрігін қыздыра түсті.

Жалпы, Универсиадада 12 спорт түрінен 85 медаль топтамасы ойнатылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан құрамасының медаль саны бойынша екінші орынға көтерілгенін мақтанышпен атап айтты. Бұған дейін Қазақстан құрамасын ойындар қорытындысы бойынша ешқашан екінші орыннан көрінбегенін айта кетейік. Олай болса, елімізде өткен студенттер сайысы Қазақстанның абыройын тағы да үстем етті. Қазіргі уақытта Қазақстан спортшыларының қоржынында 11 алтын, 8 күміс, 17 қола - барлығы 36 медаль бар.

2. Универсиададағы алғашқы алтын.

2

Қазақстан құрамасына бірінші алтынды жарыстың үшінші күні, 31 қаңтарда биатлоншы Алина Райкова алып берді. Спортшы ең басты мақсаты - өзін жеңу болғанын және сол мақсатына жеткенін айтып, үлгі көрсетті.

3. Сайыс рекордшылары!

3
3,1

Біздің құрама сапындағы могулшы Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Алматыдағы Универсиадада екі дүркін алтын медаль иегері атанды. Сонымен қатар, биатлоншы Галина Вишневская да екі алтынды жеңіп алды. Наградалар саны бойынша шаңғышы қызымыз Анна Шевченко көш бастап тұр, ол алтын, күміс, қоладан - жалпы саны 5 медаль жеңіп алып, мерейі артты.

4. Денис Теннің алтыны.

null

Қазақстан құрамасы үшін Денис Тен ғана алтын салған жоқ, жеңімпаз болған барлық спортшы да құрметке лайық. Бірақ, мәнерлеп сырғанау сайысына билеттер қымбат болса да, алдын ала сатылып кеткенінен-ақ жанкүйерлердің бұл сайыс түрін барынша бақылап, тағатсыз күткенін көреміз. Демек, Қазақстан намысын қорғаған Денис Теннің өнерін отандастарымыз асыға күтті. Денис те көптің көңілінен шығып, үмітті ақтады.

5. Махаббат.

5

Универсиада - жастар сайысы. Жастар - өмірдің көктемі. Универсиада барысында «Алатау» шаңғы-биатлон кешені қызметкері мен «Алматы арена» қызметкері мәнерлеп сырғанау сайысында сүйіктілеріне сөз салып, жүрек қалауы бар екенін барша жұрттың алдында білдірді. Бұл да Универсиаданың жоспардан тыс жарқын сәттері болып қалды.

6. Алыпсатарлар мен жалған билеттер.


6

Сайысқа баруға асыққандар саны Универсиада жақындаған сайын көбейді. Бірақ, жанкүйерлердің дені қалаған сайыстарына бара алмады. Анықтай келгенде, оларға жасанды билет жасаушылар мен алыпсатарлар кінәлі болып шықты. Құқық қорғау органы қызметкерлері Универсиаданың жабылуына арналып жасалған жалған билеттерді де тапты. Осылайша, көп жарыс түріне билет табылмай, халық әбігерге түсті. Бұл қысылтаяң шақта Халықаралық студенттер сайысының федерациясы жол тапты. Олар залдан шетелден келетін ФИСУ-дың мәртебелі меймандарына бөлінген орындарды жанкүйерлерге берді.

Бұдан бөлек, «TicketDay» жүйесі бойынша орыны көрсетілмеген қосымша билеттер де сатылып, бос қалған орындарға кіргізілді.

7. Универсиада кезіндегі қаланың безендірілуі.


7

Әрине, ерекше есте қалатын оқиға бұл Алматының ажарлана түсуі. Алматы халықаралық студенттер сайысы басталмай-ақ сәнделді. Әсіресе, жаңадан салынған ғимараттар қалаға көрік берді. Универсиада кезінде қаланың қардан жедел тазартылып отырғанын да айта кету керек. Кірлеген қарлардың үстіне таза қар шашып жүрген коммуналдық қызмет жұмысшыларының әрекеті әлеуметтік желіде күлкіге де қалып жатты.

8. Жаңа ғимараттардың салынуы.

8

Универсиада үшін «Алматы арена», «Халық арена» сынды мұз айдыны бар ірі спорт кешендері салынып, «Медеу», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Шымбұлақ, «Сұңқар» сынды спорт ғимараттары қайта жөндеуден өткізілді.

9. Универсиада мұрасы.

9

Универсиада арқасында Алматының Алатау ауданы дамыды. Бұл ауданда «Алматы арена», «Атлеттер қалашығы» сынды ең маңызды нысандар бой көтерді.

Универсиада аяқталғаннан кейін, Атлеттер қалашығы 1 мың 748 отбасының жаңа қоныс тойына себепші болады. Онда емхана, супермаркет, банк бөлімшесі, полиция бекеті, пошта сынды халыққа қызмет көрсетілетін орындар бар. Бұл Алматыда үй кезегінде тұрғандардың санын 10 пайызға қысқартпақ.

10. Жабылу салтанатты шарасы.


Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жабылуы өтті. Оған 57 елден 2000 мыңға жуық спортшы қатысты. Жабылу салтанаты 80 елде трансляцияланып, 1 млрд-тан астам көрермен тамашалады.

Салтанатты шараға ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттер спорты федерациясының Президенті Олег Матыцин, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және келесі Универсиада ойындарын өткізетін Ресейдің Краснодар өлкесінің басшылығы қатысты.

Осындай жарқын сәттерімен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада халық есінде қалмақ.

фото: almaty2017.com

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Алматы, Спорт, Универсиада,
Бөлісіңіз:

Автор:

Серік Жолдасбай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT