Универсиада: Қазақстан студенттер құрамасы қола жүлдеге таласады
Аталмыш кездесуде есеп 4-минутта ашылды. Словакия сапынан Ян Злоха мергендік танытты. Ал 30-минутта Эрик Смокла словак құрамасының басымдығын арттыра түсті. Аталмыш құрама сапынан 36-минутта Себастиан Смида есепті ұлғайтты. Ойынның бітуіне 38 секунд қалғанда словакиялық хоккейші Даниэль Рзавски есепті ұлғайтты - 0:4. Қазақстан құрамасы универсиадада алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Қазақстан студенттер құрамасы топтық кезеңде бірде-бір ұпайды шашау шығарған жоқ. Қазақстандық хоккейшілер Латвияны 10:1 есебімен жеңсе, одан кейін Швециядан 5:1, Ұлыбританиядан 17:1, Швейцариядан 7:0, Канададан 4:3 есебімен басым түсті .
Жартылай финалдың тағы бір кездесуінде Ресей Канаданы 5:1 есебімен тізе бүктірді. Қазақстан жастары 12 наурыз күні Канадамен шеберлік байқасады. Аталмыш ойын Астана уақытымен 14.00-де QazSport телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.