Универсиада: Қазақстан хоккейшілері көш басына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Красноярск қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындары аясында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Ұлыбританияны ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан жастары бірінші кезеңнің өзінде қарсыластар қақпасына бес шайба салып үлгерді. Алдымен 1-минутта Владислав Никулин есеп ашса, арада бір минут өткенде Артур Шетле есепті ұлғайта түсті. Бұдан кейін Ұлыбритания сапынан Джошуа Кук 3-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ал 6-минутта біздің құрама сапынан Антон Никрич қанжығасын майлады. Есеп - 3:1.

Келесі голды біздің құрама 14-минутта соқты. Ол Валерий Гуриннің еншісіне жазылды. Қазақстандық Артем Лихотников 15-минутта есепті 5:1-ге жеткізді.

Екінші кезең де біздің құрама басымдығымен өтті.

Артур Шетле - 23, Андрей Яковлев - 25, Аркадий Шестаков 27-минутта қарсыластар қақпашысын қапы қалдырып кетті. Ал Артем Лихотников 29-минуттың бастапқы және аяқ шенінде екі шайба соғып үлгерсе, 30-минутта Антон Некрич есепті 11:1-ге жеткізді. Сондай-ақ, біздің құрамадан Никита Клещенко - 31, Дмитрий Гурков - 34, Артем Лихотников тағы үш шайбаны қақпаға тоғытты. Есеп - 14:1.

Үшінші кезең басталысымен біздің құрама тағы екі шайба соғып үлгерді. Алдымен 41-минутта Артем Никрич, одан кейін 46-минутта Мадияр Ибрайбеков есепті ұлғайта түсті. Есеп - 16:1. Ал 52-минутта біздің құрамадан А.Волгин мергендік танытты.

Кездесуде Қазақстан құрамасы 17:1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, бүгін В тобында тағы екі ойын өтті. Канада Швейцарияны 6:2, Латвия Швецияны 6:3 есебімен жеңді.

Бүгінгі жеңістен кейін Қазақстан құрамасы 9 ұпаймен көш бастады. Дәл осындай ұпайы бар Канада екінші орында тұрса, одан кейінгі Швейцария мен Латвияның еншісінде алты-алтыдан ұпай бар. Ал Швеция мен Ұлыбритания әзірге бірде-бір ұпай алған жоқ.

Біздің құрама енді 8 наурызда Швейцариямен, 10 наурызда Канадамен шеберлік байқасады.

Қазақстан хоккейшілері бүгінге дейін Латвияны 10:1 есебімен ойсырата жеңіп, одан кейін Швециядан 5:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, кеше А тобында да ойындар өткізілді. Атап айтқанда, Ресей АҚШ-ты - 3:2, Словакия Жапонияны - 8:3, Чехия Венгрияны 7:0 есебімен жеңді.

Фото: vk.com/kazakhstanhockey

Соңғы жаңалықтар