Универсиада: Қазақстан хоккейшілері қола жүлдеге таласады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылғы қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы жартылай финалда Канадамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойынның алғашқы минуттарында қос құрама тарапынан белсенділік байқалды. Есеп ашатын бірнеше мүмкіндік болды. Десе де хоккейшілер көздеген нысанадан мүлт кетіп жатты. Ал 10-минутта канадалық Джонатан Янтис қарсылас қақпасынан саңылау тапты.

Екінші кезеңнің 24-минутында қазақстандық Данил Бутенко таразы басын теңестірді. Ойын барысында канадалық хоккейшілер белсенділікті арттырып, шабуыл шебіне көбірек шығып жатты. Нәтижесінде канадалық Ноа Кинг - 11, Брэтт Дэвис -13, Джонатан Янтис 37-минуттарда мергендік танытты.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Енді олар 3-орын үшін сайыста Жапониямен шеберлік байқасады.

Айта кетсек, жартылай финалдық тағы бір ойында АҚШ студенттер құрамасы Жапонияны 4:3 есебімен жеңіп, «алтын» үшін таласқа жолдама алды.

Финалда АҚШ және Канада студенттер құрамасы кездеседі.

Топтық кезеңде ел құрамасы Оңтүстік Кореяны – 5:1, Венгрияны - 9:1, Ұлыбританияны - 15:1, Словакияны 4:0 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасына 1:4 есебімен есе жіберді.

Өз тобында 12 ұпаймен екінші орын алған олар доп айырмасымен АҚШ құрамасын алға шығарды.

Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысты. 1995 жылы Испанияның Хака қаласында чемпиондық тұғырға көтерілсе, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.


Соңғы жаңалықтар