Универсиада-2019: Қазақстан құрамасы жеті медальмен жарысты аяқтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жексенбі, 14 шілдеде Неапольде 2019-Дүниежүзілік Универсиаданың жабылу рәсімі өтті. Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Универсиаданың соңғы күні финал және ерлер арасында су добынан үшінші орын үшін жарыс өтеді. «Алтын» медальға Италия мен АҚШ таласса, «қола» медаль үшін Ресей мен Венгрия құрамалары ойнайды.

Универсиадаға Қазақстан құрамасы 94 спортшымен барып, жеті медаль иеленді. Жалғыз «алтынды» дзюдошы Ғалымжан Қырықбай жеңіп алды. Ол абсолютті салмақ дәрежесінде күш сынасып, бірінші болды. Біздің спортшылар бес рет екінші орын алды.

Күміс медальдарды гимнастшы Нариман Құрбанов пен Милада Карими, жеңіл атлетші Михаил Литвин, таэквондошы Смайыл Дүйсебай (87 келіге дейін) және Зоя Кравченко (стендтік ату) иеленді.

Сәрсенкүл Рысбекова (стендтік ату) үшінші орын алды. Қазақстан медальдар саны бойынша 25 орында. Ерлер арасында су добы жарысы бұл көрсеткішке әсер етпейді.

Айта кетейік, былтырғы Универсиадада (Тайбэй-2017) қазақстандық спортшылар үш «алтын», алты күміс және жеті қола жүлде иеленген еді. Алтын медальдер саны бойынша ең үлкен көрсеткіш 2015 жылы Кванджуда (алты) тіркелді.

Соңғы жаңалықтар