«Универсиада-2017»: құрылыс барысында мемлекет қазынасына 12,4 млрд теңге көлемінде салық түседі - Б.Байбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Универсиада-2017» нысандарының құрылыс барысында мемлекет қазынасына 12,4 млрд теңге көлемінде салық түсімі түседі. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек FISU студенттік спорт халықаралық федерациясының бас хатшысы Эрик Сайнтрондты қабылдау кезінде айтты.

Кездесу барысында атқарылған жұмыс жайлы баяндама тыңдалып, болашақта жүзеге асатын жоспарға біршама өзгерістер енгізілді. Қала әкімі «Универсиада-2017» жобасы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін жеткізді. «Универсиада нысандарының құрылысында қазақстандық қамту 51-52 пайызды құрап отыр. Әр нысанда 500-ден астам отандық кәсіпорын еңбек етуде. Құрылыс материалдарының да басым көпшілігі қазақстандық. Құрылыс барысында ел қазынасына 12,4 млрд теңге салық түсімі түседі. Сондай-ақ, 12,5 мың жұмыс орны ашылады», - деді Б.Байбек. Сондай-ақ, нысандардың әлеуметтік жүктемелерін арттыру туралы шешім қабылданды. Айталық, атлетикалық ауылда 5 мың студентті орналастыру көзделіп келген болса, енді 10 мыңнан аса студентті сыйғызу жоспарланып отыр. Қала әкімі атлетикалық ауылдың ауқымды студенттік кешенге айналдырудың маңыздылығын ескертті. «Мұз айдыны аренасымен қоса қала тұрғындарының белсенді демалатын орнына айналатын болады. Бүгінде әкімдік құрылыс жүұмыстарының сапалы әрі кестеге сай жүруіне баса мән беріп отыр», - деді әкім. Өз кезегінде Э.Сайнтронд жаңа әкімді лауазымымен құттықтап, FISU тарапынан дайындыққа жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Қонақтар студенттік кешеннің ЖОО қарамағына өтетініне ерекше қуаныш білдірді. Айта кету керек, Алматыға 9-14 қазан аралығында FISU техникалық комиссиясының делегациясы келеді. 14 адамнан тұратын делегация универсиада нысандарының дайындық дәрежесін тексеретін болады.

Соңғы жаңалықтар