Универсиада 2017-ге дайындық деңгейі Алматының 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу мүмкіндігін арттырады - А.Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Универсиада 2017-ге дайындық деңгейі Алматының 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге мүмкіндігін арттырады. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов әкімшілік жанындағы лаңкестікке қарсы комиссияның отырысында айтты.

Жиын барысында Универсиада-2017 қарсаңында қауіпсіздіктің сақталуы басты мәселе ретінде талқыланды.

«Универсиадаға дайындық деңгейі, оны сәтті өткізу қаламыздың 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге деген ұмтылысына бір қадам жақындата түспек. Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FISU) Алматыны бекер таңдаған жоқ. Бізде әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарын өткізу тәжірибесі бар», - деді А.Есімов.

Сонымен қатар, қала басшысы Алматының Халықаралық Олимпиада Комитетіне 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш өткізіп қойғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, 2017 жылы Универсиадаға қатысу үшін Алматыға әлемнің 50 елінен 5 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде.

«Универсиада - қысқы спорт шараларының ішінде Олимпиададан кейін тұрған маңызды шара. Сондықтан, бұл жерде қауіпсіздік шараларының сақталуы өте өзекті болып отыр. Әр спорт нысаны жанында әрі командалардың тұратын жерлерінде оперативті штаб құру қажет», - деді шаһар басшысы.

Соңғы жаңалықтар