Универсиада-2017: Еріктінің естелігі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жуырда ғана еліміздің ару қаласы Алматыда бес жыл бойы дайындалып, күткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада өз мәресіне жетті. Қалада «Алматы Арена», «Халық Арена» мұз сарайы, Атлетикалық қалашық салынды.

Негізі қысқы Универсиада - дүниежүзілік студенттік спорт ойындары. Универсиада - Халықаралық Университеттік Спорт Федерациясының (FISU ) ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. 2017 жылғы қысқы Универсиадада 12 спорт түрінен жарыстар өтті (биатлон, тау шаңғысы спорты, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, трамплиннен шаңғымен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл (могул, акробатика, ски-кросс), шайбалы хоккей, шорт-трек).

Биыл Қазақстан құрамасы қысқы Универсиада тарихында ең жоғары нәтиже көрсетіп, 2-орынға ие болды. Айта кететін жайт, 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен Ойындарда қазақ жастары 3-орынды иеленген болатын.

28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға 57 елден спортшылар мен делегаттар қатысып, рекордтық көрсеткіш орнатылды. Оған дейін қысқы Универсиадаға қатысушы елдер саны бойынша рекордқа ие болған ел бізге бауырлас Түркия болатын. Ерзурум қаласында өткен қысқы Универсиадаға 52 елден спортшылар мен делегаттар қатысқан еді.

28-ші қысқы Универсиада 60 елден 30 мыңнан астам қонақтар мен туристерді қарсы алды. Кез келген ірі шара секілді қысқы Универсиадаға еріктілер тартылды. Олардың жалпы саны 3000 адамға жетті, 2800 ерікті Алматы қаласынан болса, 200 адам шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келіп, ерікті ретінде ойындарға қатысуға мүмкіндік алды.

Бұл сәтті мүмкіндікке мен де ие болдым. Менің есімім - Кульманова Қасиет, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Педагогика және психология» мамандығының 3 курс студентімін. 2017 жылдың 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың еріктілері қатарына Қазақстанның әр өңірінен жалпы саны 100 адам алынды. Ақтөбеден 12 ерікті қатысқан болатынбыз. Қалған 100 шетелдік ерікті әлемнің 21 елінен келді. 
 
Бұл мен үшін үлкен тәжірибе, жаңа достарды кездестіруіме ұйытқы болды. Еріктілердің дені студенттер болатын. Алайда, арамызда 78 жастағы «күміс ерікті» канадалық Майкл Хилл мырза да, жастардан еш қалыспады. Ол секілді «күміс еріктілер» қысқы Универсиадаға көптеп келді. Негізі «күміс еріктілерге» қарап, зейнетке шыққан адамға ең арзан, әрі қызықты саяхат түрі, осындай ірі халықаралық додаларға ерікті болу ең тиімді жолы,-деп санаймын.

Шетелдік және өзге өңірлерден келген еріктілер қысқы Универсиадалар тарихында тұңғыш рет салынған Атлетикалық қалашықта орналасты.



Еріктілер жұмысына келетін болсақ, қысқы Универсиадаға дайындық және өткізу үшін 36 функционалды бағыт жұмыс жасады. Соның бірі мен ерікті болған, Методологиялық қамту, координациялау және бақылау департаменті. Бұл бағыт бойынша өзге еріктілермен бірге мен «impact study» зерттеуін жүргізуге көмектестік.

Яғни, қысқы Универсиада кезінде 8 спорттық нысандарда өткен шаралар бойынша статистикалық есептеулер жасадық. «Impact study» бағытындағы еріктілермен біз әрбір спорттық нысан туралы мәліметтер жинадық. Әртүрлі спорт жарыстарына келген көрермендерге (атлеттер, делегация, БАҚ өкілдері) санақ жүргіздік. Жалпы алғанда «Impact study» жұмысының мақсаты - Универсиаданың қалаға әкелген әсерін анықтау болатын.

•        «Шымбұлақ» таушаңғы курорты

•        «Балуан Шолақ» атындағы спорт және мәдениет сарайы

•        «Медеу» мұз айдыны

•        «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені

•        «Табаған» спорттық-демалыс кешені

•        «Халық Арена» мұз айдыны

•        «Алматы Арена» мұз айдыны

Жұмыс барысында көптеген шетелдіктермен тілдесіп, ағылшын тілін шыңдадық. Жаңа достар тауып, өзімізге жаңа тың нәрселерді үйрендік.

Бұл Универсиада менің жадымда студенттік өмірімнің ең жарқын естелігі болып қалатындығы анық. Осындай тарихи айтулы шараның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын.

Құрбыларыма айтар кеңесім, биыл Түркіменстанда өтетін Азия ойындарына, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадаға ерікті болудан кеш қалмаңыз. Бұл тегін әрі қызықты саяхат жасаудың бірден бір жолы.

Волонтер болу жасқа қарамайды, ол көңіл-күйдің белгісі!

 
Соңғы жаңалықтар