UNESCO-да Ұлы дала ұлықталды

None
None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Парижде, UNESCO штаб-пәтерінде «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараны Халық­аралық Түркі академиясы мен UNESCO бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­­ла­малық мақаласы талқыланып, Ұлы дала тарихын жаңадан пайымдау жол­дары қаралды.

UNESCO Бас дирек­торы­ның қамқор­шы­лығымен және UNESCO жанын­дағы Әзер­байжан, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан мен Түркияның Тұрақ­ты өкіл­дік­терінің белсенді қолдауымен өткен форумға әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар жиналды. Форум Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың құттықтау хатымен ашылды.

Хатты Қазақстанның Франциядағы Төтен­ше және өкілетті елшісі және UNESCO-дағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев оқып берді.

«UNESCO-мен ынтымақтастық дәс­түрінде өтіп жатқан бүгінгі халықаралық форумның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын!

Көптеген елдердің ғалымдары, тарихшылары мен тіл мамандары қатысып отырған мұндай алқалы жиынның Еу­ропа төрінде, Париж қаласында өтуі­нің маңызы ерекше. Форум барша адам­зат тарихымен ұштасатын тарихи-мә­дени мұраларымыздың ғылыми айна­лым­дағы өрісін кеңейтеді деп үмітте­немін.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қырының» ба­сым­дықтары ұлан-ғайыр даламыздан тамыр тартқан халықтардың әлем­дік өркениетке қосқан үлесі мен тәжі­рибесінен тағылым алу, болашақ жас ұрпақты мәдениетаралық үйлесім рухында тәрбиелеу ісіне тың серпін беруде.

Менің бастамаммен құрылған Ха­лық­аралық Түркі академиясы аталған бағытты ғылыми интеграция тұрғы­сынан дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Соның бір айғағындай осы жиын бай тарихымыз бен адамзат ақыл-ойы қазыналарының терең тамырларын өзгеше қырынан пайымдап, жаңа мәдениетаралық қатынастар көкжиегіне жол ашады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» делінген Елбасының құттықтау хатында.

Содан кейін сөз алған Әзер­бай­­жан­ның Франциядағы елшісі Рахман Мұстафаев жиынның Түркі халықтары үшін маңызды екенін атай отырып, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев­тің форум қатысушыларына арнал­ған құттықтау хатымен таныстырды. Әзербайжан басшысының үн­деуінде: «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» тақырыбына арналған ф­орум­­ның UNESCO-да өтуі Түр­кі халық­тарының ежелгі та­ри­хы­­ның, әлем өркениетіндегі рөлі­­нің үлкен маңызға ие екенін көрсетеді.

Форумның Әзербайжанның ақыны Имададдин Насимидің 650 жылдығына тура келуі бізді қуан­тады. Әзербайжанның клас­сикалық поэзиясындағы, қоғам­дағы, тарихымыздағы Имададдин Насимидің ерекше орнын ескере отыра, биыл елімізде «Насими жылы» деп бекі­тілді. Бұл тұрғыда жалпы мәде­ни байлықты өз талантымен байытқан сөз ұстасы Има­­дад­дин Насимидің мерейтойы форум шеңберінде аталып өтеті­ніне қуаныштымын», делін­ген Әзербайжан Президенті Ил­хам Әлиевтің құттықтау хатында.

Сондай-ақ И.Әлиев атал­ған жиын халық­тарымыз ара­сын­дағы байланысты одан әрі тереңдете тү­серіне сенім біл­діріп, тарихи мұра­лардың зерт­телуіне зор үлес қосып жүрген Халықаралық Түр­кі академиясы­на алғыс айтқан.

Осыдан кейін сөз сөйле­ген Халықаралық Түркі академия­сы­ның президенті, тарих ғылым­дарының докторы Дархан Қыдырәлі бұл жиын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арналғанын атап өтті. Іс-шараның маңыздылығы туралы әңгімелеп, Ұлы даланың әлемдік өркениетке зор үлес қосқанына тоқталды.

«Ежелгі Мысыр, Қытай, Иран, Үндістан, Рим секілді ір­ге­лі елдермен терең қарым-қа­ты­нас орнатып, өзіндік әліпби жасап, іргелі өркениет құрған Ұлы дала тұрғындары Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батыс­тың арасын жалғаған алтын арқау болған. Сондықтан бүгінде ғалымдар көшпелілерді «жаулаушы ғана емес, өркениет жасаушы және елдерді бір-біріне жалғаушы» ретінде бағалайды», деген Д.Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясы UNESCO-да ір­гелі жиын өткізуді дәстүрге ай­нал­дырғанын айтты. Сондай-ақ қол­дау көрсетіп отырған UNESCO-ға ерекше алғысын білдірді.

«Келер жылы Тоныкөк ес­керт­кішінің орнатылуына 1300 жыл, ойшыл ғалым әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, түркі әлеміне белгілі ақын Юнус Эмренің қайтыс болғанына 700 жыл, Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өтуді жоспарлап отырмыз», - деді Д.Қыдырәлі.

Форумда UNESCO Бас ди­рек­­торының Ха­лық­аралық қаты­настар жөніндегі орынбасары Фир­мин Эдуардо Матоко сөз сөй­леп, жиынға қатысушыларға сәтті­лік тіледі. Сондай-ақ іс-шара­ның әлем тарихында Түркі мәде­ниеті­нің қолтаңбасын анықтауға ық­пал ететініне сенім білдірді.

Айта кетерлігі, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен UNESCO-ның Халықаралық қатынас­тар және Африка департаменті Бас директорының орынбасары Фирмин Эдуардо Матоко форумнан кейін арнайы кездесіп, келіссөздер жүргізді.

Бұдан бөлек, жиында ғалым­дар Түркі мәдениетінің әлемдік өр­кениеттегі алатын орнын тал­қы­лады. Үндістандық ғалым, Ин­дира Ганди атындағы Ұлттық мәде­ниет орталығының профес­соры Мансура Хайдар өз баян­дамасында Түркілердің Үндіс­тан­дағы білім мен ғылым саласы­на қосқан үлесін тарқатып айтып берді.

«Үндістан тарихында түркі­лер Дели сұлтандығы мен Ұлы Моғол­дар дәуірінде билік құрды. Олар Үндістанда білім мен ғылым саласында жаңа әдіс-тә­сілдер енгізді. Мәселен, бала­ларға білім беру ісінде түркілер медреселер жүйесін құрды. Білім саласына қажетті діни, ғылыми және технология саласындағы шығармаларды сыртқы елдерден алып, дамытып отырған. Түркілер математика, музыка, астрономия және механиканы дамытуға көп көңіл бөлген», - деді М.Хайдар.
Париж университетінің про­фес­соры Ванда Дресслер жыл­қы­ның қолға үйретілуінің маңызына тоқталды.

«Көшпелі өмірдің басталуына, біріншіден, біздің дәуірімізге дейін алты мыңыншы жылдары Қазақстан аумағында жылқының қолға үйретілуі ықпал етті. Екін­шіден, Қазақстанның сол­түстік-шығысында Ан­дронов мәдениетінде алғашқы метал­лургияның дамуы мен дөңгелектің жасалуы көп жағдай жасаған. Бүкіл адамзат деңгейіндегі осы екі жаңашыл өзгеріс көшпелі әскери жүйенің дамуына себеп болды. Көшпелі өмір салтының ең басым тұсы - оның тез икемге келіп, сыртқы ортаға бейімделе алуында. Осының арқасында көшпенділер алып, ұлы империялар құра білді. Осы орайда аталған мәселелерді ұғынып, бағ­дар­ламалық мақала ретінде ұсын­ған Нұрсұлтан Назарбаев­қа зор алғыс білдіремін», - деді В.Дресслер.

Форумға жиналғандар Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғы­сы­нан қарауда өте құнды еке­нін айт­ты. UNESCO өкілдері мақа­ла­дағы жылқының қолға үй­ретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелердің әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін атап өтті.

Ұлық Ұлыс - Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілді

Форумда Алтын Орда мем­лекетінің тарихтағы орны мен Талас құрылтайының саяси мәні жан-жақты талқыланды. Ал­қалы басқосуда әлемге танымал түркологтар Алтын Орда мен Талас құрылтайының 750 жыл­дығына орай ойларын ортаға са­лып, ғылыми қауымның назары­на тың деректер мен жаңа тұжы­рымдарды ұсынды.

Мәселен, белгілі түркітанушы, АҚШ ғалымы Юлай Шамилоғлы «Алтын Орда және оның әлемдік өр­кениетке жасаған ықпалы», Татар­стан Ғылым академиясы А.Х.Халиков атындағы архео­ло­гия институты директоры Айрат Ситдиков «Алтын Орда архео­логиясы: зерттеудің жаңа са­ты­сында», Өзбекстан Респуб­ли­­касы Ә.Науаи атын­дағы уни­вер­ситеттің профес­соры Ғайболла Бабаяров «Қаған» және «Хатун» титулдары жазылған ескі түрік монета­лары», Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық универ­­ситетінің профессоры, тарих ғы­­лым­­­дары­ның профессоры Ай­болат Куш­кумбаев «Алтын Орда түркі халық­тарының тарихын­да», Бри­таниялық ғалым Арслан Койчиев «Моғолстан және оның қырғыз, қазақ халқы тарихындағы орны» тақырыптарында баянда­ма­лар жасап, ауқымды ғылыми мәлі­меттері мен жаңа көзқарас­та­рын зиялы қауымның талқы­сына ұсынды. Ал Мичиган универ­ситетінің (АҚШ) профессоры Тимур Кожаоғлы, голландиялық ғалым Мехмет Түтінжі, Қырғыз Рес­­публикасы, Жо­­ғар­ғы Кеңес депутаттары Қаны­­бек Иманәлиев пен Садық Шер­нияз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңыз­ды­лығы туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ биылғы жиында түркітілдес елдердің тари­хын­да айрықша орны бар Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасына 950, ақын Имадед­дин Насимидің туғанына 650 жыл толуы секілді айтулы тари­хи даталарға байланысты талқы­лау­лар мен пікір алмасулар өтті.

Айта кетерлігі, жиынға АҚШ, Франция, Голландия, Латвия, Ма­жар­стан, Ресей, Қытай, Үнді­стан, Қазақстан, Әзер­бай­жан, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз­стан сын­ды елдерден келген 100-ге жуық ғалым мен халықаралық ұйым­дардың, UNESCO-ның өкіл­дері қатысты. Форум жұмысы «Ұлы дала: кеңістік пен уақыт көк­жиектері», «Түркі өркениеті және оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі тарихын қайта бағамдау: жаңа әдістер мен жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын үш сессиядан құралған.

Іргелі жиын түркітілдес ел­дердің тарихында айрықша орны бар атаулы даталармен тұс­па-тұс келіп отыр. Атап айтар бол­сақ, биыл Алтын Орда мен Моғол­станның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайына 750 жыл, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуына 950 жыл, ақын Имадеддин Наси­ми­дің туғанына 650 жыл толады.

Жиын соңында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бірқатар ға­лым­дарға арнайы марапаттар ұсын­ды. Атап айтқанда, Үнді­станның Индира Ганди атындағы Ұлттық мәдени орталығының (IGNCA) қыз­меткері, профессор Мансура Хайдар, Париж универ­ситетінің про­фессоры, тарихшы Ванда Дрес­слер, Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлт­тық универ­си­теті­нің профессоры, акаде­мик Бо­лат Көмеков, Түркия Рес­пуб­ли­­­касының UNESCO істері бо­йын­­ша Ұлтық комиссиясының өк­ілі, профессор Оджал Огуз Ха­лық­­аралық Түркі академиясы «Ал­­тын медалінің» лауреаты атанды.

Соңғы жаңалықтар