Үндістанның бокс федерациясы біздің стратегиялық серіктесіміз - Серік Қонақбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 аумағында Үндістан павильонының ұлттық күні аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үндістан павильонының күні ел тәуелсіздігінің 70 жылдығымен тұспа-тұс келді және Ұлттық күн сахнасына жиналған көрермендерге «Ранг Бахар» ұжымының әсерлі биі тарту етілді.

Қазақстандағы Үндістан Елшісі Харш Кумар Джейн өзінің құттықтау сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесінде Үндістан павильонының болуын екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастың көрсеткіші деп бағалады.


«Үндістан павильоны күн энергиясына баса мән беріп отыр. Павильонның тақырыбы «Күн» деп аталады және ол Үндістанның күн энергиясын инновациялық қолданудағы тәжірибесін, соның ішінде  әлемдегі алғашқы 100% жасыл әуежай атанған Кочин халықаралық әуежайының үлгісін паш етеді», - деп атап өтті Елші.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің вице-министрі Ақылбек Камалдинов Үндістан үкіметін тәуелсіздіктің 70 жылдығымен құттықтады  және үндістандық кәсіпкерлерді Қазақстан нарығында белсенді болуға шақырды.

«Үндістанды тәуелсіздіктің 70 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз. Биыл Қазақстан мен Үндістанның дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толады. Біздің қатынастар экономика, энергетика, ақпараттық технологиялар, сауда, саясат, әскери техника және өзге де салаларда дамып келеді. Біз үндістандық кәсіпкерлерді қазақстандық экономикаға инвестиция салуға шақырамыз. Ол үшін біздің мемлекет барлық қажетті жағдайды жасайды», - деді ол.

Сонымен бірге, Үндістанның ұлттық күні мерекесіне қазақстандық танымал боксшы, Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаев қатысты.

«Мүмкіндік тауып, ЭКСПО-ға келгеніме қуаныштымын, бұл шын мәнінде орасан зор жоба. Үндістан павильонының ұлттық күніне келгеніме де қуанып отырмын, себебі Үндістанның бокс федерациясы - біздің стратегиялық серіктесіміз. Қазір Үндістандағы бокс жоғары деңгейде дамып келеді. Тарихқа үңілсек те, екі елдің ғасырлар бойы тығыз қарым-қатынаста болғанын көруге болады», - деді Қонақбаев.

Еске сала кетсек, бүгін - Үндістанның тәуелсіздік алған күні. Екі ғасырға жуық уақыт бойы Үндістан Ұлыбританияның отарында болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Лондон бұл мемлекетке бостандық беруге мәжбүр болды.

Соңғы жаңалықтар