Үндістаннан Қазақстанға келетін туристер саны 35 пайызға артты

None
None
БЕЙЖІҢ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Үндістанның Тамил-Наду штатының Ченнай қаласында Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі.

Шараға Тамил-Наду штатының 15-ке жуық туристік компаниясы қатысты.

Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Болат Сәрсенбаев екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Үндістаннан Қазақстанға келген туристер саны 35 пайызға артты. Үндістандық қонақтарды негізінен Алматы мен Астана сынды қалалардағы мәдени-танымдық демалыс қызықтырады. Елші сондай-ақ «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі сөзсіз, 2017 жылдың басты шарасы болатынын тілге тиек етіп, бұл Қазақстанға келетін туристер үшін елдің туристік әлеуетін кеңірек танытуға жақсы негіз екендігін атап өтті.

Сондай-ақ дипломат Қазақстанға сапарлайтын үндістандық туристер санының артуына Air Astana компаниясының «Алматы-Дели-Алматы» бағытындағы күн сайынғы рейстері ықпал етіп отырғанын айтты.

«Ағымдағы жылдың мауым айында «Астана-Дели-Астана» рейсін ашу жоспарлануда және әуе тасымалдаушы «ЭКСПО-2017» көрмесіне тегін билет ұсыну бойынша акция ұйымдастыратын болады. Жалпы, Қазақстан мен Үндістан арасында жолаушылардың әуемен қатынау жиілігін аптасына 24 рейске дейін арттыру көзделуде», - деді Б.Сәрсенбаев.

Еске салайық, 2017 жылдың 26 сәуірінде Үндістанның Тамил-Наду штатының Ченнай қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды . 

Соңғы жаңалықтар