Үндістандық туристер Алматы тауларын көруге келеді – Елші

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жөнінде әңгімеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Үндістан мен Қазақстан көптеген салаларда бірлесе жұмыс істеп келеді. Үндістан – Қазақстанның тәуелсіздігін қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Арамызда өте жақсы қарым-қатынас орнады. Саяси деңгейдегі сапарлар жасалды. Соңғы 25 жылда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанға 6 рет барған», - деді Прабхат Кумар елордада Үндістан тәуелсіздігін тойлау барысында.

Елшінің айтуынша, 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,2 млрд долларға жеткен немесе 25% артқан. Әсіресе, энергетика, мұнай, ауыл шаруашылығы салаларына Үндістан ерекше қызығушылық танытып отыр.

Сонымен бірге, елші Қазақстанның туристік әлеуеті жөнінде әңгімеледі.

«Қазақстанға Үндістаннан көптеген туристер келеді. Үндістанға да қазақстандықтар көптеп барып жүр деп ойлаймын. Әуе компаниялары аптасына жеті рет ұшады, қыркүйектен бастап, аптасына тоғыз рет ұшыру жоспарланып отыр. 2018 жылы Қазақстандағы Үндістан елшілігі 20 мыңнан астам виза берді. Үндістандағы Қазақстан елшілігі де осы шамада виза рәсімдеген. Бұл қос мемлекет арасындағы туристер ағынының артқанын білдіреді. Үндістан тұрғындарының басым көпшілігі Қазақстанға Алматы тауларын көру үшін келеді», - деді Прабхат Кумар.


Оның айтуынша, Қазақстан мен Үндістанның мәдени ынтымақтастығы да дамып келеді. Елордада Үндістанның мәдени орталығы жұмыс істейді, онда тегін йога, би сабақтары өтеді.

Еске сала кетсек, астанада Үндістанның тәуелсіздік күніне арналған мәдени шаралар өтіп жатыр.

ҚР Ұлттық кітапханасында «Ғажайып Үндістан: таңғаларлық көпқырлы мәдениет» фотокөрмесі ашылды.

Есіл жағалауында үнді асханасы фестивалі мен үнді кинокөрсетілімі өтеді.


Соңғы жаңалықтар