Үндістанда коронавирустан өлім-жітім көрсеткіші рекорд орнатуда

None
None
ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Ресми мәлімет бойынша, өткен 24 сағатта Үндістанда коронавирустан 3689 адам көз жұмды. Бұл, пандемия басталғалы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Бір күн бұрын Үндістанда коронавирус індетін жұқтырудың жаңадан 400 мыңнан астам жағдайы анықталды. Бір тәуліктік мұндай көрсеткіш өзге ешбір елде тіркелген жоқ.

Сырқаттанудың күрт артуына елдің денсаулық сақтау жүйесі дайын болмай шықты. Ауруханалар стационарлық емді қажет ететін барлық науқасты қабылдай алмай жатыр. Сондай-ақ елде медициналық оттегі тапшылығы бар.

Үндістанда қазір не болып жатыр?

Пандемия басталғалы Үндістанда коронавирустың 19 миллионнан астам оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткішпен АҚШ-тан кейін әлемде екінші орында тұр. Індеттен 215 мың адам қайтыс болғаны зертханалық расталды. Дегенмен, сарапшылардың пайымынша, тестілердің жетіспеушілігінен шынайы көрсеткіш ресми мәліметтерден алшақ және жоғары болуы ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, көптеген адамның, әсіресе ауыл тұрғындарының медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндігі жоқ және олар үйлерінде емделуде. Сондай-ақ мамандардың сөзіне қарағанда, ауылдар мен шағын қалаларда коронавирустан болып жатқан өлім-жітім ресми деректерге енбей қалып жатыр.

Үндістанда вакцинация қарқыны қандай?

Теория жүзінде Үндістанның әрбір ересек тұрғыны вакцинациядан өте алады. Алайда, өткен сенбі күні бастау алған егу кампаниясына басталмай жатып тоқтау қаупі туындады: бірнеше штат 18-44 жас аралығындағы халықты егу үшін вакцинаның қажетті дозасы жеткіліксіз екендігін мәлімдеді.

Үндістан территориясында коронавирусқа қарсы ойлап табылған барлық вакцинаның көп бөлігі өндіріліп жатқанына қарамастан, елде егу кампаниясын шұғыл ұйымдастыруға дозалардың қажетті көлемі жоқ. Осыған орай Үндістан AstraZeneca вакцинасын экспорттауды уақытша тоқтатты.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2 мамырға дейін вакцинаның 1-компонентін небәрі 84 599 адам алған.

Үндістан екі вакцинаны қолдануда – Оксфордтың AstraZeneca (Үндістан оны Covishield деп атайды) және Үндістанның Bharat Biotech компаниясы өндірген – Covaxin. Ресейдің Sputnik V вакцинасы да мақұлдау алды. Sputnik V препаратының алғашқы 150 мың дозасы өткен сенбіде елге жеткізілді.


Үндістанға көмектесу үшін өзге елдердің әрекеті қандай?

Көптеген елдер Үндістанға көмегін жолдады және әлі де жіберіп жатыр. 29 сәуірдегі мәліметкен сәйкес, дәрі-дәрмек пен медициналық техника жіберген елдер саны 40-қа жуық болды.

АҚШ-тан бірнеше ұшақ келді. Олар медициналық оттегі, гигиеналық маскалар және коронавирусқа экспресс-тестер жөнелткен.

Сенбі күні Германияның әскери-көліктік ұшағы Үндістанға өкпені жасанды желдетуге арналған 120 аппарат алып келді. Ұлыбритания да түрлі медициналық құралдар жіберген.

Үндістан неліктен локдаун енгізбейді?

Үндістан билігі елдің бүтін аумағында қатаң локдаун енгізуді соңғы шара ретінде қарастырып отыр. Ел Үкіметі экономикалық ахуал одан әрі ушығып кететініне қауіптенеді. Өткен жылы сәуір-маусым аралығында карантиндік шектеулердің енгізілуінен елдің Жалпы ішкі өнімі 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 24% төмендеп кеткен.


Дегенмен, елдің жекелеген өңірінде қатаң карантиндік шаралар енгізілген. Мәселен, Делиде, Махараштра, Карнатака, Батыс Бенгалия және Одиша штаттарында.

Бірқатар өңірде, соның ішінде халық көп қоныстанған Уттар-Прадеш штатында конменданттық сағат және демалыс күндері локдаун бар.

Indian Express газетінің жазуынша, коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі жұмыс тобы індетті ауыздықтау үшін жалпыұлттық локдаун енгізуді ұсынып отыр.


Соңғы жаңалықтар