Үндістан мен Жапонияда маймыл шешегі тіркелді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нью-Дели билігі Үндістан астанасында маймыл шешегін жұқтырған алғашқы науқастың анықталғанын мәлім етті. Тиісті мәлімдемені Дели ұлттық астаналық округінің бас министрі жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияға сілтеме жасап.

«Батыс Делидің 31 жастағы тұрғыны үш күн бұрын аурудың белгілерімен ауруханаға түсті, сенбіде оның үлгілері Ұлттық вирусология институтына жіберілді, жексенбіде диагноз расталды. Үнді ауруханаларының бірінде (Nayak Jai Prakash Narayan Hospital) осы ауруды емдеу үшін арнайы изолятор ұйымдастырылды», - делінген ВАК-тың телеграм каналындағы хабарламасында.

Сондай-ақ, Жапония астанасында да маймыл шешегі тіркелді. Kyodo агенттігінің хабарлауынша, инфекция Еуропадан оралған 30 жастағы ер адамнан анықталған. Токио әкімшілігінің мәліметі бойынша науқас 15 шілдеде өзін жайсыз сезінген. Дене қызуы көтеріліп, бөртпелер шығып, басы ауырған. Қазір науқас ауруханада жатыр.

Айта кетсек, 23 шілдеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады. Ұйымының мәліметінше, қазір 75 елде аталған ауруға 16 мыңнан астам адам шалдығып, 5 адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар