Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға мүше болуы: Сенім артқандардың пікірі басым

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада 8 маусым күні басталған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті аясындағы негізгі шаралар өтеді. Ондағы басты оқиға Үндістан мен Пәкістанды Ұйымның толыққанды мүшесі етіп қабылдау болмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде ШЫҰ саммитінің бүгінгі отырысын тарихи оқиға деп бағалады.

«Біз БҰҰ, АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес), ШЫҰ сынды халықаралық, аймақтық алаңдарда белсенді түрде өзара әрекет жасаудамыз. Мұндай үйлесімді жұмыстың жарқын мысалы біздің ШЫҰ-дағы ынтымақтастығымыз. Ертең сізбен бірге Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға қосылуы арқылы кеңейе түсетін Ұйымның тарихи отырысына қатысамыз», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Үндістан мен Пәкістанның қосылуынан кейін ШЫҰ-ның маңызы ауқымды аймақтық ұйымдардың бірі ретінде айтарлықтай өседі.  

Шын мәнінде, Дели мен Исламабадтың ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі атануы «шанхайлық топты» әлемнің ірі халықаралық ұйымдары қатарына қосады және әлемдегі ең ірі аймақтық бірлестік атандырады.

Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің халқы барша адамзаттың (44% - 3 миллиардтан астам адам) жартысына жуығын құрайды, ал олардың аумағы Арктикадан Үнді мұхитына дейінгі, Солтүстіктен Оңтүстікке, Ляньюньганнан Калининградқа және Шығыстан Батысқа дейінгі 40 миллион шаршы метрді немесе жер шарының жалпы аумағының 26,6% қамтиды.

Бірақ, диалектика заңына сәйкес, кез келген процесте және құбылыста қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі болады, жалпақ тілмен айтқанда жақтаушылар да, даттаушылар да табылады. Және объективті бейнелеу үшін екі жақты да ескеру керек.

Қауіп-қатер бар ма?

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресми өкілдерінің мәлімдемелеріне қарамастан, кейбір сарапшылар Үндістан мен Пәкістанның қосылуы арқылы Ұйымның кеңеюіне сыни көзқарас танытып, олардың аумақтық мәселесі (Пәкістан Үндістанның Джамму және Кашмир штаттарын иеленуіне қарсы) және Үндістан мен Қытайдың шекаралық мәселесінің шешілмеуі ШЫҰ тиімділігін төмендетеді және ендігі «Шанхай сегіздігінде» шешімдерді қабылдау процесін қиындата түседі деп болжауда. Мұндай болжамдардың қисынын түсіну үшін, ШЫҰ-дағы шешімдердің Ұйым Хартиясында бекітілген бәтуаластық негізінде қабылданатынын еске салған жөн.

Бәтуаластық, яғни дауыс берусіз жалпы келісім - көпшіліктің дауысымен шешімдер қабылданатын дауыс беру қағидасымен салыстырғанда қиындау процесс.

ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимовтың 6 маусым күні Астанада таныстырылған «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: құрылуы, дамуы, келешегі» атты кітапта атап өткеніндей, бәтуаластық дауыс берумен салыстырғанда әділетті, ондағы шешімдерді қабылдауда әр тараптың нақты мүдделері ескеріледі.

«Әрине, бәтуаластыққа қол жеткізу айтарлықтай күш-жігер мен ұзақ уақытты талап етеді. Бірақ, ШЫҰ аясында қабылданатын барлық шешімдер барлық мүше мемлекеттердің көзқарастарының, пікірлерінің және амал-тәсілдерінің нәтижесі болып шығады (...) ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің толық тең құқықтығы Ұйымдағы «шанхайлық рух» философиясына негізделген», - деп жазды ол. 

Жаңа мүмкіндіктердің ашылуы

«Шанхайлық топтың» кеңеюінің артықшылықтары мен кемшін тұстары, соның ішінде жоғарыда аталған сарапшылардың торыққан пікірлері мен пайымдаулары ескерілген және оларды ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысы өз ұлттық мүдделері негізінде мұқият талдаған. Осылайша, ШЫҰ-ның негізін қалаушылардың барлығы бірауыздан Үндістан мен Пәкістанның Ұйымға толыққанды мүше болу туралы өтінімдерін қанағаттандыру қажет деп тапты.

Әлбетте, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығы (терроризммен және экстремизммен күрес, Ауғанстандағы жағдайды реттеу), экономикалық ынтымақтастық, әсіресе транзиттік-көліктік, энергетикалық және сауда салаларында жаңа мүмкіндіктердің ашылуы мен сыни болжамдар таразыға түскенде, алдыңғы топ басым түсті.

Мәселен, Иран, Каспий аймағы және Ресей аумағы арқылы Оңтүстік (Үндістан мен Пәкістан) және Оңтүстік-Азия елдерін Еуропамен жалғайтын «Солтүстік-Оңтүстік» көліктік және энергетикалық дәлізі аясында көп компонентті (автомобильдік, темір жол, теңіз) қатынастардың дамуы ШЫҰ барлық өңірлерінің дамуына мультипликативті нәтиже бере алады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Үнді мұхитына шығу мүмкіндігіне ие болады және саяси қауіп-қатерлер азайып, электр желілерін, мұнай-газ құбырларын төсеу (Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан, Иран-Пәкістан-Үндістан теңіз құбыр жолы және т.б.), автомобиль тас жолдарын салу және жаңарту жобаларын жүзеге асырудың экономикалық тартымдылығы артады.

Мұндай жобалар ШЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттер белсенді қатысушысы болып табылатын «Бір белдеу, бір жол» стратегиясымен мақұлданады.

«ШЫҰ трансконтиненталдығы бірлестікті Азия-Тынық мұхиты мен Атлант аймақтарын, Оңтүстік Азия елдері мен Таяу Шығысты жалғайтын буын ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы елдерімен өзара әрекеттестікті дамытудың келешегі зор. ШЫҰ-ның таралу аймағы Еуразия құрлығының өзегі болмақ, себебі ұйымның өзі ауқымды экономикалық бастамалар көтеріліп жатқан орталықта орналасқан.  Олардың арасында Жібек Жолы экономикалық белдеуі, «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын жүзеге асыру, ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестер, үлкен еуразиялық серіктестіктің қалыптасу келешегі бар», - деді ШЫҰ Бас хатшысы 1 маусым күні 21-ші Петербург халықаралық экономикалық форумының панельдік сессиясында.

Астанада өтетін ШЫҰ саммиті қарсаңында Пәкістанның сыртқы саяси ведомствосы Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болудың Исламабадқа бейбітшілік және тұрақтылықпен қамтамасыз етуде және аймақтағы терорризммен және экстремизммен күресуде жұмыстар атқаруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

«Бірқатар мәселелер бойынша біздің мүдделеріміз бір жерге тоғысады. ШЫҰ біздің аймақтық бейбітшілікке, тұрақтылыққа, дамуға деген мүдделілігімізді және терорризммен және экстремизммен күресудегі ынтымақтастыққа деген қолдауымызды көрсетуге мүмкіндік береді», - делінген пәкістандық СІМ ресми мәлімдемесінде.

2015 жылы Уфада өткен саммитте Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди ШЫҰ-ға мүше болудың Үндістан үшін Еуразиямен байланысты кеңейту бойынша жаңа мүмкіндіктерді ашатынын айтқан еді.

«Көрші елдермен ынтымақтастық орнатудың арқасында үндістандық армандар орындалуда. Үндістан ШЫҰ-ға барынша қолдау көрсетеді», - деді ол.

ШЫҰ Форумының 12-ші отырысында (Ташкент, 11-12 мамыр, 2017 жыл) Үндістан Қорғаныс зерттеулері және талдау институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстандағы Үндістан мәдени орталығының бұрынғы басшысы және Қырғызстандағы Үндістан елшісі Пунчок Стобдан ШЫҰ-ға курі ең алдымен, Делиге Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.  

«Үндістан - қарқынды дамып келе жатқан ел. Жыл сайын оның жалпы ішкі өнімі 7% өсімді көрсетеді. Экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бізге энергиялық ресурстар қажет. Қазіргі уақытта Өзбекстанмен, Қазақстанмен және Түрікменстанмен перспективалық жобалар жүзеге асырылуда. Сіздерді «Шанхайлық топқа» инновациялармен және инвестициялармен келеміз деп сендіре аламын. Үндістанның халқы қазіргі уақытта 1,2 миллиардқа жетті. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де кезек күттірмейді, сондықтан біздің еліміз барлық орталықазиялық мемлекеттер үшін жақсы нарық болар еді», - деді ол.

Үндістан мен Пәкістанның 2005 жылы Астана өткен ШЫҰ саммитінде бақылаушы мәртебесін алуы да атап өтуге тұрарлық. Р.Алимовтың айтуынша, бүгінгі Астаналық саммиттен кейін ШЫҰ-ның жаңа сапаға ие боларына еш күмән жоқ. 

Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ның толыққанды мүшелері мәртебесін алуы барлық тараптардан алдыңғыдан көбірек жауапкершілікті, өзара түсіністікті, Шанхай ынтымақтастық ұйымының ішкі қызметіне қайта бейімделуді талап етеді.

Соңғы жаңалықтар