Үндістан ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісімге келу мәселесін қарастыруда

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда туралы келісімге келу мәселесін қарастыруды бастады. Бұл туралы бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген

Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Нарендра Моди мәлім етті. «Біз бұл өңірмен терең интеграциялану үшін Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда туралы келісім мәселесін қарастыруды бастадық. Біз сауда және энергетика транзиті арқылы нақты байланыстарымызды жандандыра аламыз. Ал «Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі бәсекелестікті арттырып, Үндістаннан Еуразияға дейінгі шұғыл бағдар ашуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта барша Орталық Азияның бұл бағдарға қосылатындығына сенімім зор», - деді Н.Моди Назарбаев Университетінде оқыған дәрісі барысында.

Үндістан Премьер-Министрі елдер арасындағы ынтымақтастықты жолға қоюға мүмкіндік беретін Орталық Азия өңіріндегі басты жобаларды да атап өтті.

«Біз Сауда және транзит жөніндегі Ашхабад келісіміне қосылуға үміттенеміз. Үндістанның Ирандағы Чахбехар айлағына инвестиция құюы Орталық Азияға жақындай түсуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, мен, біздердің Пәкістан мен Ауғанстан арқылы Орталық Азияға дәстүрлі бағдарымызды қалпына келтіре алатындығымызға үміт артамын. Біз газ құбыры бойынша Түркіменстанмен, Ауғанстанмен, Пәкістанмен және Үндістанмен келісімге келетіндігімізге сенімді екендігімізді атап өте аламыз», - деді Н.Моди.

Сонымен қатар ол Азия халықтарының адамзат дамуына қосқан тарихы мұрасы бар екендігін де еске салып өтті.

«Орталық Азия өңірі біздер тұтасып жатқан кезеңде өзінің ең жоғары даму сатысында болды. Біздердің азиялық ғасыр жайындағы үмітіміз қазіргідей Оңтүстік, Шығыс, Орталық және Батыс Азияға бөлінбей, Азияның тұтас болған кезінде ғана орын алатындығы сөзсіз. Біздің барлығымыз гүлденер болсақ, Азия өрлейді. Ал ол үшін біздер азияның түрлі бөліктерін топтастыруымыз қажет», - деді мәртебелі мейман.

Соңғы жаңалықтар