Үнді инвесторлары Алматыда бизнес жүргізуге ниетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстандағы Үндістан Елшісі Прабхат Кумармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда- экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Алматы әкімі Қазақстанның Орталық Азия елдері ішінде Үндістанның ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналғанын атап өтті.

Өйткені, Үндістан ІТ қызметінде ірі экспортерлердің бірі болып табылады. Оның үстіне Алматы үнділіктердің инновациялық хабтарды дамыту тәжірибесін үйренуге және ынтымақтастықты орнатуға ниетті.

Өз кезегінде Үндістан Елшісі туризм, білім мен мәдениет салаларында да ынтымақтастықты нығайтудың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Алматы - өңірлік магнит. Мұнда үнділік бизнесмендердің, мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен түрі шаралар тұрақты өтіп келеді. Қала Делиден ұшып шыққанда небәрі 3,5 сағаттық жерге орналасқан. Сондықтан мен Алматының біздің азаматтарымыз үшін танымал туристік бағытқа айналатынына сенімдімін. Біз түрлі фестивальдер, концерттер, көрмелер өткізіп, мәдени алмасуды одан әрі жалғастырамыз. Мегаполисте Үндістанның 600 студенті білім алуда, мен екі жақты білім бағдарламасының спектрі арта түсетініне сенімдімін», - деді Прабхат Кумар.

Кездесу барысында үнділік делегацияға «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға қызмет көрсететін Орталықтың, Индустриалды аймақ пен «ИТП» АЭА-ның әлеуеттері көрсетілді.

Бүгінде қалада үнді капиталымен сауда, медицина, құрылыс, қаржы және басқа салаларда 152 кәсіпорын жұмыс істейді. 2017 жылы Алматы қаласы мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 186,6 млн  АҚШ долларына жетті.

Соңғы жаңалықтар